Спорт

Петропавлда спорттық акробатикадан халықаралық жарыс өтті

Сенбі күні Петропавлда спорттық акробатикадан юниорлар арасында халықаралық біріншілік өтті. Жарыс Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған. Үш күндік додаға 4 елден 180-ге жуық жас спортшы қатысты. Турнирдің ашылу салтанатына арнамыздың түсірілім тобы да қатысып қайтты.

Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған юниор акробаттар арасындағы халықаралық жарыс осымен 5-ші рет жалауын желбіретіп отыр. Биыл біріншілік 4 елден келген спортшылардың басын біріктірді.

Ринат Белогонов – спорттық акробатикадан облыстық мамандандырылған БЖСМ директоры:

– Командалар Өзбекстан астанасы – Ташкент, Қырғызстанның бас қаласы – Бішкек, Ресейдің бірнеше шаһарынан және Қазақстан қалаларынан келді. Қатысушы акробаттардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де бар.

Үш күн бойы 180-ге жуық спортшы батуттан секіру бойынша, тағы акробатикалық жолақ пен акрбатикалық кілемде жаттығулар орындап, өзара мықтыны анықтады.

Валерия Шубина – жарысқа қатысушы, Иркутск облысы, РФ:

– Мен Иркутск қаласынан келдім. Акробатикамен айналысып жүргеніме 5 жыл болды. Менің ойымша, финалға шығуға тұрарлық өнер көрсеттім. Ақтық сында бағым шауып, жүлделі болам деп үміттенем.

Мына залда батуттан секіру бойынша жарыс өтуде. Қазір снарядта Захар Кашпаренко өзінің екінші жаттығуын орындап жатыр. Петропавлдың намысын қорғайтын жас спортшы жүлдеден үмітті.

Захар Кашпаренко – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Барлық элементтерді ойдағыдай орындап шықтым. Ұпайларым жоғары болуы тиіс. Бүгінге дейін Қазақстан біріншілігінде күміс жүлделі болған едім. Ендігі мақсатым – әлем чемпионатында өнер көрсету.

Айта кету керек, үздік шыққан қазақстандық спортшылар жуырда Токио қаласында өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеуге қатысады.

Саят Ермек