Солтүстікқазақстандық қос спортшы Индонезияның Джакарта қаласында өткен ІІІ Пара Азия ойындарында жүлдегер атанды. Нақтырақ айтсақ, жеңіл атлеттер Сергей Харламов пен Иван Залезняк сары құрлықтың үздіктері бас қосқан байрақты бәсекеде қола медальдан жеңіп алды. Кеше жерлестеріміз үйге оралды.
Иван Залезняк Пара Азия ойындарына алғаш рет қатысқан. Жеңіл атлет дүбірлі додада ядро лақтырудан сынға түсті. Тартысты жарыста жерлесіміз намысты қолдан бермеді. Оның 11 метр 69 см қашықтықта түскен снаряды спортшыға 3-ші орын сыйлады.
Иван Залезняк – ІІІ Пара Азия ойындарының қола жүлдегері:
– Индонезия – өте ыстық, әрі ылғалды ел. Мен ол жердің климатына үйренісе алмадым. Сондықтан болар 10 қазан, яғни дәл жарыс басталар тұста ауырып қалдым. Дәрігерлер әрең дегенде сайысқа шығарды. Бәсеке барысында бұл жауапты сын екенін түсініп, жинақылық таныттым. Осылайша тек ирандық және малайзиялық спортшыға есе жібердім. Нәтижеме көңілім толады.
Сары құрлықтың үздіктері бақ сынаған бәсекеде Сергей Харламов та жарады. Жерлесіміз қола медальді ұзындыққа секіру сайысында еншіледі. Бұл 47 жасар спортшының көптен күткен алқасы. Себебі, бұған дейін теріскейлік 2 бірдей Пара Азия ойындарына қатысқан еді. Ол додаларда өкінішке қарай жолы болмады. Енді, міне арманы орындалып отыр.
Сергей Харламов – ІІІ Пара Азия ойындарының қола жүлдегері:
– Бұл медальды мен ұзақ армандадым. Ол үшін көп еңбектеніп, жаттықтым. Нәтижесінде маңызды жүлдені қанжығама байладым. Мен жарыста ұзындыққа секіруден бөлек, 100 және 400 метрге жүгірдім. Қос қашықтықта да финалға жолдама алдым. Бірақ, ақтық сындарда қарсыластарым менен мықты болды.
Тағы, додаға суда жүзуші Владимир Эрман да қатысты. Өкініштісі азамат жүлдегерлер қатарына қосыла алмаған. Бұған спортшылардың біріктірілуі себеп болды дейді ол. Яғни, сынға түсуші жандар денсаулықтарына байланысты бөлінбей, бірге сайысыпты.
Айта кетейік, 43 елдің саңлақтары бақ сынаған ІІІ Пара Азия ойындарына 91 қазақстандық қатысты. Отандастарымыз жарыста 5 алтын, 15 күміс, 13 қола жүлдені жеңіп алды. Осылайша жалпы құрамалық есепте ел құрамасы 13-ші орынға тұрақтаған.
Байболат Култанов