Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайынша ауданында бидайды терең өңдейтін зауыт ашылды

Тайынша ауданында бидайды терең өңдейтін зауыт іске қосылды. Соңғы үлгідегі озық құрал-жабдықтармен жарақталған цехтің жылына 200 мың тонна дәнді-дақыл өңдеуге қауқары бар. Елімізде бұл кәсіпорынның баламасы жоқ. Бидайды терең өңдеп одан крахмал мен балауыз шығаратын өндіріс орнының ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында “Биохим” зауыты осыдан 12 жыл бұрын іске қосылған болатын. Алайда, елімізде баламасы жоқ алпауыт кәсіпорынның ғұмыры ұзаққа бармай, 2010 жылы өндіріс тоқтап қалды. Былтыр зауыттың технологиясына өзгерулер енгізіліп, “BioOperations” серіктестігі тұрғалаған кәсіпорынның өндірісін жандандыруды қолға алды. Жұмысты оң жолға қою жоспары 3 кезеңге бөлінген. Бірінші кезекте, осыдан жарты жыл бұрын зауытта ұн өндірісі қолға алынды. Бүгінде дайын өнімдер Қазақстан асып, Орта Азия елдеріне экспортталып жатыр. Ал бүгін кәсіпорын аумағында бидайды терең өңдейтін зауыт жұмысын бастамақ. Маңызды желінің іске қосылуы өңір экономикасына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды тұрақты табыс көзімен қамтуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бүгінгі күні 400 жұмыс орны ашылды. Зауыт тек Тайынша ауданы үшін ғана емес, барлығымыз үшін маңызды. Түрлі жобалар іске асырылады. Тайынша ауданының бюджетіне 100 млн теңге көлемінде салық түседі.

Астықты терең өңдейтін зауытқа қажет құрал-жабдықтарды сатып алып, іске қосуға инвестор 5 млрд теңге қаржы жұмсапты. Қайта жабдықталған мұндай алпауыт кәсіпорынның елімізде баламасы жоқ. Тіпті әлемде бидайды терең өңдеп, одан дайын шикізат шығаратын зауыттардың саны 15 қана. Серіктестік жылына 200 мың тонна бидайдан терең өңделген өнім алуға қауқарлы.

Әлихан Талғатбек – “KazFoodProducts” ЖШС компаниялар тобының жетекшісі, Алматы қаласы:

– Бидайды терең өңдеу – ісі ұзақ үрдіс. Бір қараған көзге жеңіл болып көрінеді. Шындығында, алтын дәнді кептіріп, оны белгілі көрсеткішке дейін жеткізу оңай шаруа емес. Осы күндері бізде шығарылатын бидай крахмалы мен құрғақ бидай балауызына сұраныс артып келеді. Біздің осы қажеттілікті толық қамтамасыз етуге қауқарымыз жеткілікті. Егер жоба ауытқусыз жұмыс істесе, дайын өнімді Еуропа мен Орталық Азия елдеріне саудалау жоспарда бар. Әрі ішкі нарықты да толық көлемде қамтитын боламыз.

Бұдан соң, кәсіпорын басшылығы меймандарды крахмал, балауыз бен жем-азық өнімдерін шығаратын цехтардың жұмысымен таныстырды. Зауытты аралап шыққан соң, облыс әкімі Құмар Ақсақалов өндіріс ошағын іске қосты.

Ал санаулы минуттардан соң, кәсіпорында дайын болған крахмалдың алғашқы партиясы көпшілік назарына таныстырылды. Жалпы бұрынғы “БиоХим” зауытының еңсесін тіктеп кетуіне “Қазақстанның инвестициялық қоры” АҚ себепкер болған. Бүгінде аталған қаржы институты еліміздің 14 өңірінде тұралап қалған 50-ден аса ірі өндіріс ошақтарын іске қосу бойынша келіссөздер жүргізуде. Теріскейде қайта жанданған зауыт соның бір айқын дәлелі.

Ермек Сәкішев – “Қазақстанның инвестициялық қоры” АҚ басқарма төрағасы, Астана қаласы:

– Инвестор кәсіпорынды бұрынғы иелерінен сатып алуға қажетті қаржыны бізден алды. Заем 7 жылға берілді. Кәсіпкер алған қаржысын қайтарған кезде үстіне пайыздық үстеме ақы қосылмайды. Біздің компания жобаның бастан аяқ іске асуын бақылауда ұстайтын болады. Қор қаржыландырған бағдарламалар Қазақстан бойынша жетіп артылады. Олардың барлығы жұмыс істеп жатыр. Болашақта Солтүстік Қазақстан облысында проблемалы 5 элеваторды іске қосып, жұмысын жандандыру міндеті тұр.

Ал келер жылы “BioOperations” компаниясы өндіріс орнының аумағында биоэтанол өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде жергілікті жерде шығарылған өнімдер еліміздегі мұнай-химия зауыттарының сұранысын қанағаттандырмақ.

Бахыт Садвокасов