Қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданы бойынша ұстаздар, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларының мамандары тапшы. Бұл мәселені шешу үшін, күнгей өңірлерден теріскейдегі облыстарға қоныс аударушы жандардың саны артуда.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нүркен Нұрсейіт М.Жұмабаев ауданына Түркістан облысынан былтыр қоныс аударған. Оның жұбайы да педагог. Келе сала екеуі де бірден Октябрьское орта мектебіне жұмысқа орналасыпты. Ерлі-зайыптылар бүгіндері 5 баланы тәрбиелеуде.
Нұрсейіттер отбасы қазір өз баспаналарында тұрып жатыр. Тұрғын үйді “Дипломмен ауылға” мемлекеттік бағдарламасы арқылы сатып алыпты. Отағасы Нүркен мұнда келгеніне еш өкінбейтінін айтады. Өйткені, баспанасы мен жұмысы бар. Мүйізді ірі қара малдың өнімдерін сатып, қосымша табыс та тауып жатқан жайы бар.
Нүркен Нұрсейіт – Октябрьское орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:
– Енді бұл жаққа келгеннен кейін мен ойландым. Ауыл-ауылды араладық, бізден ерекшеліктерін көрдік. Мал шаруашылығымен айналысса қалай болады екен деген сұрақ туындады. Осылайша бәрін есептеп көріп, осындағы бір шаруашылыққа кіріп, өзімнің қаражатыма сиыр мен қаз сатып алдым. Бүгіндері сүтті өткізіп, пайдаға кенеліп жатырмын.
Ал, Нұржамал Тәмбетова Шымкент қаласынан осы аудандағы Медвежка ауылына көшіп келіпті. Нәзік жанды 2 жыл бойы аталған елді-мекендегі орта мектептің оқушыларына сызу және еңбек пәндерінен сабақ береді.
Нұржамал Тәмбетова – Медвежка орта мектебінің сызу және еңбек пәні мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:
– Енді, осы өңірге бірден көшіп келуге шешім қабылдау қиындау болды. Шалғай облыс болғандықтан қорқыныштар болды. Көшіп келмес бұрын алдымен осы жаққа келіп көрдім. Жұмыс орнын және баспана таптым.
Жұмыс күші жетіспейтін теріскейге оңтүстік өңірлерден ерікті түрде қоныс аударушы жандардың саны жыл санап артуда. Барлығы М.Жұмабаев ауданына 2016-2017 жылдары 56 отбасы, ал биыл 41 жанұя көшіп келген.
Ғабит Сақтағанов – М.Жұмабаев аудандық жұмыспен қамту бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Көбінесе, денсаулық сақтау, білім және ауыл шаруашылығы саласына мамандар келіп жатыр. Қоныстанып келгендерге бейімделуге, құжаттарын жиыстыруға жәрдесеміз.
Қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданы бойынша 152 бос жұмыс орны бар. Негізінен, мұнда ұстаздар, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларының мамандары тапшы.
Тогжан Акмагамбетова