Ресей мен Қазақстан достығының жасыл көпірі! 14-ші еңбек маусымының соңында “Жасыл ел” еңбек жасақтарының жергілікті штабы “Ресей студенттік жасақтарының” омбылық және қорғандық бөлімшелерімен мәмілеге отырды.
Ендігі кезекте, “Жасыл ел” еңбек жасақтарының СҚ штабы “Ресей студенттік жасақтарының” Омбылық және Қорғандық бөлімшелерімен ресми түрде әріптес. Екі ұйымның да көтерер жүгі бір болғанымен, жұмыс жасау бағыты мен тәсілдері әр түрлі. Енді олар өзара тәжірибе алмасатын болады.
Алексей Потейко – “Российские студенческие отряды” ҚБ Омбы өңірлік бөлімшесінің басқарма төрағасы, РФ:
– Біздің жасақтарда күллі Ресей Федерациясы бойынша 240 мыңға жуық студент жазғы маусымда еңбек етеді. Олар экономиканың көптеген салаларында жұмыс істейді. Біз “Жасыл елмен” достық және әріптестік қатынас орнатуды көздейміз. Келер маусымнан бастап қоян-қолтық еңбек ету жоспарда бар. Тіпті бірнеше еңбек жобаларын жүзеге асырмақшымыз.
“Ресейлік студенттер жасақтарының” 60 жылдық тарихы болса, “Жасыл елдің” солтүстікқазақстандық штабы биыл 14-ші еңбек маусымын сәтті өткерді. Сондықтан, жақын жатқан омбылық және қорғандық көршілерден үйренер нәрсе баршылық. Мәселен, жазғы уақытта “Жасыл елге” жұмысқа тұрған жерлес жеткіншектер ормандарды тазартып, көгалдандырумен ғана айналысады. Ал ресейлік студенттер абаттандыру шаруасынан бөлек, құрылысшы, пойыздарда жолсерік, тағы балалар лагерьлерінде тәлімгер болып еңбектене алады. Бұл озық тәжірибені жақын болашақта бізге де ендіруге болады.
Асқар Баймұқанов – СҚО “Жасыл ел” шатабының басшысы:
– Ресейде бұл ұйымның жұмысы бізге қарағанда өзгеше ұйымдастырылады. Нәтижелері де жаман емес. Бізді қызықтыратыны да осы. Көршілердің көмегімен “Жасыл ел” жұмысына жаңа серпін бермекшіміз. Енді бір-бірімізге жиі қонаққа барып тұратын боламыз.
Бүгін “Жасыл елдің” 14-ші еңбек маусымы салтанатты түрде жабылды. Өңір экологиясының әлеуетін арттыруға бағытталған бұл ұйым биыл 700-ге жуық теріскейлік жеткіншекті жазғы жұмыспен қамтыған. Олар 500 га жуық аумақты абаттандырып, күл-қоқыстан тазартты. Белсенді бойжеткендер мен бозбалалардың биылғы жалақысы орман шаруашылықтарында шамамен 56, ал өзге кәсіпорындарда 50 мың теңгені құрапты.
Саят Ермек