Білім

Электронды күнделік еліміздегі 3800 мектепте қолданылып келеді

Білім берудегі заман игілігі. Петропавлға электрондық күнделік жүйесін құрастырушы серіктестік өкілдері келді. Мамандар облыс педагогтарының бағдарламамен қалай жұмыс жасап жатқандығын тексерді. Ал семинарға қатысқан педагогтар болса, жүйені жылдам меңгеру жолын қарастырды.

 

Қазақстандық “Күнделік” IТ компанияcы елімізде 2 жыл бұрын құрылды. Серіктестік мамандары ұстаздар, оқушылар мен ата-аналарға арналған электронды білім беру жүйесін қалыптастырып, оның жұмысын қадағалайды. Бүгінде мекеменің өзі аттас “Күнделік” жобасы еліміздегі 3800 мектепте қолданылып келеді. Жаңашылдықтың тиімді тұстары әзірден сезіліп жатыр. Мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, жұмыстары әлдеқайда жеңілдепті. Ата-аналар да балаларының сабақ үлгерімін кез-келген жерден қадағалауға мүмкіндік алды.

Асқар Қонақбаев – “Күнделік” ЖШС директоры, Астана қаласы:


– Ақпараттық жүйе қолданысқа енгізілгелі бері педагогтардың қолы қағаз толтырудан біраз босады. Ал оқушының ата-анасы баласының сабақ үлгерімі мен бағасын ғаламторға қосылған компьютер мен телефонның көмегімен бақылап отыра алады. Бүгінгі семинарда педагогтармен бағдарламаның қай деңгейде іске асып жатқандығын талқылаймыз.

Бүгінде ақпараттық бағдарламаға облыстағы 459 білім беру ошағы қосылған. Заман игілігін Мамлют ауданындағы Искра орталау мектебінің ұжымы да өз жұмысында қолдануда.

Талғат Ілиясов – Искра орталау мектебінің директоры, Мамлют ауданы:


– Базаға ата-аналар енгізілген. Сабақ кестесі, бағаларды қоямыз, осы электрондық бағдарламаны қолданып келеміз. Оқушылардың ата-аналары алған бағаны, мектепке келуін көріп отырады.

Жалпы ақпараттық жүйені құрастырушы серіктестік өкілдері бұндай семинарларды еліміздің барлық өңірлерінде өткізетін болады.

Бахыт Садвокасов