Қоғам

Бескөл ауылында 18 ғимарат орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды

Биыл Бескөл ауылында 18 әлеуметтік нысан мен бір көпқабатты баспана орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Бұған әсіресе, тұрғындар дән риза. Енді олар пеш жағып, күл шығарып әуре болмайды. Ал жер үйде тұратын аудандықтар үшін осы күні 55 мың текше метр отын мен 18 мың тоннадан астам көмір дайындалыпты.

Қызылжар ауданында 15 орман пайдаланушы тіркелген. Жыл сайын олар отын даярлау жұмыстарына ерте көктемнен кіріседі. Алайда, сол мезгілде тұрғындар тарапынан сұраныс болмайтын көрінеді. Отын алушылардың саны күздің қара суығы түскенде күрт артады екен. Сол себепті қазір орманды пайдаланушылар тапсырыстардың барлығын уақытылы орындауға үлгермей жатыр. Жұмысқа басқа да факторлар әсер етеді дейді жеке кәсіпкер Сермұхамед Оралұлы.

Сермұхамед Оралұлы – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы :

– Биыл жауындар көп болды. Сонда да 15 мың куб отын даярлап халыққа жеткізіп бердік. Қазіргі таңда 120 адамның тапсырысын орындап жатырмыз. Оларға отынды 10-12 күннің ішінде жеткізіп береміз. Бір текше метрін 5,5 мың теңге.

Қалай болғанда да, қазіргі таңда Қызылжар ауданы бойынша отын тапшылығы мәселесі өткір тұрған жоқ дейді әкімдіктегілер.

Қайсар Әмрин – Қызылжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы :

– Қызылжар ауданында отын тапшылығы жоқ.

Бескөл ауылында жер үйлерден бөлек, 64 көппәтерлік баспана бар. Бүгін олардың біреуі орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Демек, ондағы тұрғындар пеш жағып, отын іздеп жатпайды. Сондай-ақ, орталықтандырылған жылу желісіне үстіміздегі жылы Бескөлдегі 18 әлеуметтік маңызы бар нысан қосылды. Өткен жылы бұл қазандық есебінен небары 3 мекеме жылытылған болатын.

Қайсар Әмрин – Қызылжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бір көпқабатты үйді жылыту жүйесіне қосы үшін тұрғындар 2 млн теңге төлеуі тиіс. 14 пәтерге шаққанда, шамамен 100 мың теңге шығады.

Қазіргі таңда Бескөлдің орталық жылыту қазандығында 10 шақты адам жұмыс істейді. Солардың бірі – Валерий Богатырев.

Валерий Богатырев – орталық қазандықтың операторы, Қызылжар ауданы:

– Бір ауысымда 4 адам еңбек етеді. Мен қазандықтардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалаймын. Бір рет салған көмірдің жылуы 6 сағатқа жетеді. Мұндағы үрдіс толықтай автоматтандырылған.

Орталық жылу станциясында барлығы 8 қазандық орнатылған. Қазіргі таңда олардың 2-уі іске қосылыпты. Әрбіреуінің қуатылығы 2,5 мВТ-ты құрайды.

Берік Қасен