Бүгін облыстық қуыршақ театры салтанатты түрде 29-шы маусымын ашты. Кішкентай көрермендерге өнер ордасының труппасы Отфрид Пройслер ертегісінің желісімен қойылған “Мейірбан сиқыршы жайлы аңыз” спектаклін ұсынды. Қойылымда дуагерліктің қыр-сырын меңгергісі келмейтін мыстан қыз жайлы баяндалады. Бүгін бұл туынды бір топ солтүстікқазақстандық балғынға алғаш рет ұсынылды. Ертегіні Ресейден арнайы шақыртылған тәжірибелі режиссер Борис Ходырев қойған. Кезекті рет спектакль ертең, қыркүйектің 15-інде сахналанады. Жалпы мерейтойалды бұл маусым қуыршақ театры үшін оқиғаларға толы болмақ. Балақайлардың назарына ұжым тағы бірнеше премьера ұсынбақшы. Одан бөлек, труппа бірқатар халықаралық фестивальдерге жол жүруді жоспарлап отыр.
Мейрам Сексенбаев:
-Қыркүйектің 22-сі Атырау қаласындағы халықаралық театр фестиваліне, кейін Мәскеудегі фестивальге жол жүрмекшіміз. Жерлес және Ресейлік режиссерлерді тартып, бірнеше спектакль қою жоспарда. Олардың арасында қазақша қойылымдар да болады.
Саят Ермек