Арадағы әріптестік нығая түсті. М. Қозыбаев атындағы жергілікті білім ордасының басшылығы мен Қытайтың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің өкілдері бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл келісім аясында қос тараптың студенттері мен оқытушылары бір-біріне қатынап, өзара тәжірибе алмасатын болады. Сондай-ақ, бүгін білім ошағының базасында органикалық таза тұқымның қыр-сырын зерттеуге арналған агротехнологиялық парк іске қосылды.
Қытайдың Янлинь қаласында орналасқан Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті көпшілікке жақсы таныс. Себебі аталған білім ордасы көрші елдің жоғарғы оқу орындары арасындағы рейтингте үшінші сатыда тұр. Осыдан-ақ, мамандарды даярлайтын шаңырақтың тәжірибесіне шүбә келтірмейсің.
Ли Синван – Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті кеңесінің төрағасы, ҚХР:
– Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің ғылыми жетістіктері жетерлік. Қазір ғалымдарымыздың ойлап тапқан дүниелер әлемнің көптеген елінде іске жаратылуда. Яғни, олар біздің тәжірибеміздің негізінде еңбек етеді. Енді, осы білген-түйгенімізді қазақстандық оқытушылар мен студенттерге үйретуді жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, бұған дейін М.Қозыбаев атындағы университет Қытайдағы агротехнологиялық колледжбен әріптестік орнатқан болатын. Енді, бүгін арадағы байланыс одан сайын нығая түсті. Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті өкілдерімен өткен кездесу барысында қос тарап бірлесе жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қойды.
Бұл келісім аясында біраз шаруа атқарылады. Оның біріншісі – 2 университеттің оқытушылары мен студенттері бір-біріне қатынап, тәжірибе алмасады. Жақын күндері агрономия, азық-түлік өнімдерінің технологиясы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандығында оқитын теріскейлік жастар Аспан асты еліне аттанбақ. Оларға сабақтар ағылшын тілінде ұйымдастырылады.
Алтын Шаяхметова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехнологиялық факультетінің деканы:
– Агротехнологиялық факультетінің оқытушылары мен студенттері Қытайдағы университетке жиі барады. Оқытушыларымыз 2 ай тағылымдамадан өтті. 6 студентіміз қазір барады.Олар 6 ай бойы білімдерін шыңдайтын болады.
Тағы, жергілікті білім ордасының базасында заманауи агротехнологиялық парк іске қосылды. Шамамен 3 гектар аумақты құрайтын бұл кәсіпорын өз жұмысын үстіміздегі жылдың мамырында-ақ бастаған болатын. Солтүстікқазақсандық мамандар сол жерде органикалық таза, қытайлық элиталы сұрыпты өнімге сынама жасапты. Нәтиже жаман емес.
Алтын Шаяхметова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехнологиялық факультетінің деканы:
– Агротехнологиялық парктің ең негізгі мақсаты – сорттарды зерттейміз. Технологияларды зерттейміз. Яғни, солтүстік облыстардың жағдайында өнімді қалай өсіру керек, дамыту керек екендігін анықтайтын боламыз.
Мамандар әбден зерттелген тұқымды өңірдің диқандарына ұсынбақ. Кейін, теріскейліктер агротехнологиялық парктің зерттеулері негізінде өнім өсіретін болады. Бұдан бөлек, қос тарап қаламыздағы университет қабырғасында биотехнология бойынша зертхана құруды жоспарлап отыр. Оған қытайлық әріптестер өздерінің заманауи қондырғыларын әкелмекші.
Байболат Култанов