Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Мемлекет басшысының астықты аймаққа сапары майлы дақылдарды өңдейтін «Тайынша май» зауытынан басталды. Бұдан соң Президент теріскейлік диқандармен кездесіп, өңір басшылығы мен агроқұрылым жетекшілеріне саланың әлеуетін арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Теріскейдегі іс-сапарын Елбасы Ильичевка ауылынан бастады. Президент ең алдымен елді мекендегі «Тайынша май» зауытына аялдады. Мұнда рапс, зығыр және күнбағыс майы өндіріледі. Заманауи әрі қуатты еуропалық қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын тәулігіне шикізаттың 1 мың тоннасын өңдеуге қауқарлы. Бүгінде серіктестік басшылығы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасын жемісті жүзеге асырып отыр. Биыл зауыт шамамен 120 мың тонна шикізат өңдеп, одан 65 мың тоннадай май сығуды межелеп отыр. Жыл сайын өңделетін шикізат көлемін 50 мың тоннаға арттырып отырмақшы. Болашақта ет және сүт өңдейтін кәсіпорындарды ашу да жоспарда. Кәсіпорын цехтарын аралап, тазартылған май өңдеу технологиясымен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев аталған зауыттың отандық агроөнеркәсіп кешенін ілгерілетуге қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Өйткені, өнімнің барлығын көршілес Қытайға жөнелтетін кәсіпорын, осылайша, экспорт көлемін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашып отыр. Кейін, облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің 6 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы есеп берді. Бұдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Агрофирма Эксимнан» ЖШС-нің алқабына соғып, мұнда жайқалып өсіп тұрған берекелі астықты көрді. Аталған серіктестік – Тайынша ауданындағы ірі агроқұрылымдардың бірі. Олардың қарамағында 54 мың гектар жер бар. Мына 13-ші учаскеге «жақсартылған Шортанды – 95» сұрыпты жұмсақ бидай егіліпті. Шаруалар бұл алқаптан гектарына 41 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.

Төлеген Қонысбаев – «Агрофирма Эксимнан» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:


– Біз егістікте «аммофос» сынды органикалық дәрі-дәрмектерді қолданамыз. Биылғы жылы бұл қатарға «кас» сұйық тыңайтқышы қосылды. Бұдан бөлек, «Нуривит» және «Нуривит класс» өсуді ыңталандырғыш қоспасы да бар. Сондықтан, үстіміздегі жылы астық өнімділігі әлдеқайда артып отыр. Оған қоса, егістік науқанына арналған техникалар қатарын толықтырдық. Өткен жылы су жаңа екі комбайн, биыл бір бүріккіш сатып алдық.

Елбасы әртараптандыру шараларының маңызына тоқталып, мал шаруашылығын дамыту қажеттігін тілге тиек етті. Соңғы 4 жылда өңірде майлы дақылдардың алқабы 2 есеге артқан. Биыл алқаптарға 110 мың тонна минералды тыңайтқыш себіліпті.

Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын дамытуда ұрпақтар сабақтастығының маңызы зор деді. Өлкемізде оған келтірер мысалдар да аз емес. Әкелерінің ісін жалғастырып, одан да зор қарқынмен алға жетелеуде. “Жас келсе – іске” демекші, олар жаңаша көзқараспен қарап, инновациялық технологияларды енгізуде. Сондықтан, бүгінгі кездесуге өңірге белгілі аграрийлер балаларымен келген.

Ерлан Ғазизов – «Фирма Бабык-Бұрлық» ЖШС директорының орынбасары, Айыртау ауданы:


– Бүгінгі таңда жұмысымызға заманауи технологияларды енгізіп келеміз. Астық өнімділігін арттыру үшін КАС тыңайтқышын қолданамыз. Нәтижелеріміз жаман емес. Елбасы кездесу барысында оң бағасын берді.

Ойрат Нұрмағанбет – «Мамбетов и К» КС бас экономисі, Мамлют ауданы:


– Бүгінде Елбасымыз ауыл шаруашылығындағы ұрпақтар сабақтастығына басымдық беру керектігін айтуда. Сондай-ақ, Н.Назарбаев АӨК-дегі экономикалық саясаттың сауатты жүргізілуінің маңызын атап өтті. Қазіргі таңда біздің шаруашылығымызда цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Биыл біз 3,5 мың гектар алқапқа майлы дақыл ектік. Тағы осынша аумақта рапс мен зығыр өсуде. 600 басқа шақталған сүтті ферманы тұрғызып жатырмыз. Германиядан ірі қараның бірінші легін әкелдік.

Кездесу барысында Президент облыс басшылығы мен агроқұрылым жетекшілеріне аграрлық саланың әлеуетін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысына өңір алқаптарында жүйткіп жүрген техника да көрсетілді. Негізінен, ол – немістің «Класс» маркалы егістік кешендері мен тиегіштері және тракторлары. Айта кетейік, жуық арада бұларды Петропавлда да шығара бастайды. Биыл пилоттық жоба жасалып, алғашқы агрегат жиналатын болады.

Нұржан Нұрмағанов – «СТ Агро асимбли» ЖШС директоры:


– Биыл 30 бірлік техниканы құрастыру бойынша қанатқақты жоба іске асырыла бастайды. Кейін бұл көрсеткішті 200-ге дейін жеткізуді жоспарлаудамыз. Қазіргі таңда комбайндарды құрастыру арқылы техниканың мүмкіндігі сыналмақ. Бұдан бөлек, алдағы уақытта «Хорш» тракторлары мен тұқым сепкіштерінен кешен құрастырмақпыз.

Компания өкілдері алдағы уақытта отандық үлесті арттырмақшы. Сондықтан, сұраныс болса, өндіріс көлемі де артпақ.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:


– Вы специалисты высшие в мире по производству зерна. Останавливаться не надо, чтобы поднять производительность труда в 20,5 раза без переработки нельзя. Одна тонна пшеницы производит 2 тонны мяса, по стоимости в 7 раз больше, чем пшеница.

Елбасы күн-түн демей алқапта егін егіп, оны оратын еңбекерлермен де кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев «Агрофирма Эксимнан» серіктестігінің механизаторларынан заманауи техникамен жұмыс істеу қаншалықты ыңғайлы екендігін сұрастырды.

Валерий Черненко 40-шы рет орақ науқанын өткеріпті. Тәжірибелі маман техниканың қыр-сырын жақсы біледі. Сондықтан, заманауи агрегаттармен жұмыс істеген жақсы дейді. Өнімділік те жоғары болады екен.

Валерий Черненко – «Агрофирма Эксимнан» ЖШС механизаторы, Тайыншау ауданы:


–  Шаруашылықта еңбек етіп жүргеніме 25 жыл болды. Алғашында кеңестік кезеңнен қалған, тозығы жеткен техниканы басқаратынмын, қазір заманауи комбайнді тізгіндеймін. Бұл үшін компьютерді меңгеруге де тура келді. Бұрынғыдай бел қайысқанша жұмыс істемейсің, аздап демалуға да уақыт бар.

Мемлекет басшысы еңбеккерлермен естелік суретке түсіп, оларға сәттілік тіледі. Және мол өнім алуға тілекші екендігін айтты. Айтпақшы, болжам бойынша биыл өңір қамбасына былтырғыдан сәл жоғары өнім түседі деп жоспарланып отыр. Мемлекет ол үшін бар көмегін аямады. Солтүстікқазақстандық аграрийлер үстіміздегі жылы 39 млрд теңге субсидия алған.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:


– Урожай выращен. В этом году Казахстан опять будет с большим хлебом. Я вам желаю хорошей погоды в сентябре. ГСМ есть, техника отремонтирована, специалисты есть.

Сонымен, орақ науқаны өңірімізде басталып та кетті. Аграрийлер жасымықты жинап, бүгіндері дәнді дақылдарды құлатуға кіріскен.

Магжан Ахмадина