Мына табындағы малдың бәрі Жомарт Молдекеновқа тиесілі. Айыртаулық фермер етті бағыттағы мал шаруашлығымен айналысады. Қазір ол 116 бас ірі қара мен 30 бас қойды баптап отыр. Табиғи әрі таза ет өнімдерін шаруа Петропавл, Көкшетау, тіпті Астана қаласына да жөнелтеді. Бизнесін кеңейтіп, табысын молайту үшін өткен жылы Молдекенов “Шалқар” кредиттік серіктестігінен 10 млн теңгенің несиесін алған. Сондай-ақ мемлекеттік қордың да көмегіне жүгініпті.
Жомарт Молдекенов – “Молдекенов” ЖК директоры, Айыртау ауданы:
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жылына 6 пайыздық үстемемен 5 жылға несие алдым. Сомасы – 5 млн. Оған 30 бас ірі қара сатып алып, қазір сауып, басын көбейтіп жатырмыз.
Мұндай несиелердің тиімділігін Жомарт жақсы біледі, сондықтан болар осымен үшінші мәрте займ алған. Мемлекет қолдауына болашақта да жүгінбекші. Осылайша, сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға ниетті. Қазірдің өзінде оның 20 бас сауын сиыры бар. Мұндай қаржылай қолдауды алуға ниетті өзге айыртаулық шаруалар да аз емес-ақ. Алайда оларды несиелендіру мерзімі кешігіп жатқан көрінеді.
Серікбай Салгарин – Айыртау аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
– Биыл облыс әкімі ауданға 2800 бас қара мал сатып алу тапсырмасын берді. Әзірге жоспардың 48 пайызын орындап қойдық. Қалғанын несиелендіру басталғанда орындамақпыз. Қазірдің өзінде “Шалқар” кредиттік серіктестігіне 17 жоба ұсынылды. Әзірге 6-уына займ берілді. Сондай-ақ бүгінге дейін “Сыбаға” бағдарламасы бойынша аудан фермерлері 320 бас асыл тұқымды ірі қара мал алды.
Қазір аудандағы ірі қара басының саны 52 мыңға жуықтайды. Ауыл шаруашлығы саласында шамамен 50 серіктестік пен 230 шаруа қожалығы жұмыс істесе, олардың тең жартысы мал өсіруге басымдылық берген.
Саят Ермек