Бұл – Тайынша ауданындағы “Астық-STEM” серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасы. Қазір мұнда жұмысшылар сұрыптау құрылғысының көмегімен картопты іріктеп, қапқа салып жатыр. Биыл шаруашылықтағылар көкөніс егуге 320 гектар жер бөлген. Оның 295 алқабына “гала” картобы отырғызылса, қалған 30 гектарына сәбіз егілмек. Бүгінде көкеніске бөлінген аумақтың 90 пайызы игерілген.
Жалмырза Уәлиев – “Астық-STEM” ЖШС көкеніс сақтау қоймасының бригадирі, Тайынша ауданы:
– Қоймамыз 4 мың тонналық, Тайынша қаласында сақтау қоймамыз бар. Негізінен бізден Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларынан картопты әкетеді. 2 ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші ауысымда 13-14 адам болса, екінші ауысымда да дәл осынша қызметкер еңбек етеді. Барлығы 28 адам. Бізде жұмыста тоқтау жоқ. Жыл бойы істейміз.
Ал мынау – агроқұрылымның көкөніс егілген алқаптарының бірі. Кәсіпорын директоры тіршілік көзін үнемдеу мақсатында тамшылатып суару жүйесін қолданып келеді. Жас өскінді жиі суарып, тиісінше күтіп-баптау – күзде мол өнім алудың кепілі. Біз үшін тың әдісті дамыған мемлекеттер әлдеқашан қолданып келеді, – дейді серіктестік директоры Сергей Звольский. Бірақ, әзірше, жер емген шаруа бұл технологияны тек 50 гектар аумақта ғана қолданып жүр.
Сергей Звольский – “Астық-STEM” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
– Біз 295 гектар картопты су бүріккіш көліктің көмегімен суарамыз. Ал қалған алқап суармалы әдіспен құнарландырылады. Тамшылатып суару жүйесіне арнап жақын маңнан су жиналатын шұңқыр қазып қойдық. 3 ұңғымадан сорылатын тіршілік көзі осы көлшікке жиналады. Бұдан шыққан су алқаптарға тартылған құбырларға жіберіледі.
Үстіміздегі жылы Тайынша ауданында барлығы 760 гектар алқапқа картоп және 200 гектарға көкөніс отырғызылып жатыр. Жауапты науқанға аудандағы 25 шаруашылық мамырдың 11-нен білек сыбана кірісіп кеткен.
Руслан Күлбаев – Тайынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– 400 гектар алқапта суармалы тәсіл қолданылады. Оның 3-уі “Астық-STEM” серіктестігінде болса, биыл тағы 1-уі “Виктория” агроқұрылымында орнатылып жатыр. Соңғы жылдары аудандағы фермерлер көкөніс отырғызуға екпін беріп келеді. Өйткені нарықта сәбіз, картоп, қызылша сынды өнімдерден мол пайдаға кенелуге болады.
Тайынша ауданының шаруалары бақша өнімдерін отырғызуды маусымның 10-на дейін аяқтауды межелеп отыр.
Бақыт Садуақасов