Өнеркәсіп

Сұйық минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт іске қосылды

«Тайынша Астық» ЖШС еңбеккерлері көктемгі дала жұмыстарын бір апта бұрын бастап кеткен. Биыл мұндағылар 55 мың гектар алқапқа дән сіңірмек. Астық бітік шығу үшін кәсіпорында барлық шаралар уақытылы жасалады. Бұрын серіктестік минералды тыңайтқыштар алу үшін біраз шығындалатын. Ал енді оны өздері жасап шығармақ. Шаруашылық базасында ол үшін арнайы зауыт тұрғызылыпты.

Анатолий Рафальский – «Тайынша Астық» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Біздер заманауи технологияларды іздеп, оларды қолданудан жалықпаймыз. Сондайлардың бірі – сұйық минералды тыңайтқыштар. Біз оны 2 жылдан бері қолданып келеміз. Бірақ осыған дейін тыңайтқышты өзге елден тасымалдайтынбыз. Ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз болды. Сосын өнімді өзімізде жасау идеясы келді. Сөйтіп, біз мәскеулік компаниямен келісіп, қондырғы алдық. Осы зауытты тұрғызуға 50 млн теңге қаржы жұмсадық.

Еліміздегі бірегей зауытты облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров іске қосты.

Кейін Айдарбек Сапаров зауытты аралап, оның жұмысымен танысты. Кәсіпорын 2 аусымда жұмыс істейтін болады. Мұнда 3 адам еңбекпен қамтылып отыр. Солардың бірі – Денис Шляйнинг. Ол сұйық тыңайтқыштарды жасайтын зауыттағы қондырғыны басқарады.

Денис Шляйнинг – «Тайынша Астық» ЖШС сұйық тыңайтқыштарды өндіру зауытының операторы:

– Қондырғы автоматты түрде жұмыс істейді. Арнайы енгізілген бағдарлама бойынша біздер тек қажетті компонеттенрді салып отырамыз. Ең алдымен, цистернаға 1 мың литр су құйылады. 2 минуттан соң қазандық іске қосылып, ол суды қайнатады. Бұдан соң, карбамид араластырылады. 20 минуттан кейін аммиак селитрасын қосамыз. Оның барлығы тағы 15-20 минуттай араластырылып қажетті тыңайтқыш алынады. Сол уақытта екінші цистернаның тетігі ашылып, алынған қоспа сондай құйылады.

Кейін тыңайтқыш арнайы бөшкелерге құйылады. Осылайша, мұнда тәулігіне 120 тоннадан астам өнім шығарылады.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Оның сапасы өте жақсы. Ол 3 центнерден 5 центнерге дейін өнім шығымдылығын арттырады. Сондықтан осы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Келешекте әр ауданда осындай зауыт ашылғанын қалаймыз. Бірақ ауыл шаруашылығы басшылары оларды өздері қосып, не инвестор тауып, осы жұмысты әрі қарай жалғастыруы тиіс.

Сұйық тыңайтқыштың түйіршіктелген түрінен артықшылығы – оны барлық вегитациялық кезеңде қолдануға болады.

Анатолий Рафальский – «Тайынша Астық» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Түйіршіктелген тыңайтқыштарды енгізгенде олар белгілі бір уақыт аралығында ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ, жерге түскен өнімнің 30-40 пайызы ауада буланып кететін. Ал сұйық тыңайтқыштағы пайдалы қоспалар, айталық азот толығымен өнімге сіңіріледі. Тағы оны себуге арнайы техника қажет емес. Бүріккіштер жеткілікті. Фунгицит және гербицидтермен бірге қолдана беруге де болады.

Бүгіндері шаруашылық тыңайтқыштармен толығымен қамтамасыз етілген. Өнімдерін өзге кәсіпорындарға да жеткізуде. Сұраныс бар. Сондықтан келешекте мұндағылар зауыттың қуаттылығын арттырмақ ниетті.

Мағжан Ахмадина