Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов халық алдындағы қорытынды есептік кездесуін өткізді

Петропавлдықтардан жалпы саны 20-дан астам сұрақ түсті. Дені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты. Көппәтерлі баспаналарда тұратындар үйдің шатыры мен қабырғаларын жөндеуге жеңілдетілген несие берілсе деген өтініштерін білдірді. Биыл қалалықтардың сұрауы бойынша аулаішілік 200 жол жөнделіп, аппатық жағдайдағы ағаштар кесіледі. Бұл жұмыстардың бәрі пәтер иелері кооперативі төрағаларының кеңесінің шешімі бойынша орындалмақ. Шаһар басшысының халық алдындағы есептік жиналысына өңір жетекшісі қатысты. Құмар Ақсақалов алдағы уақытта облыс орталығы адам танымастай ажарлана түсетінін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Петропавл қаласының ішіндегі және сыртындағы қамыстар қырқылып, оның орнына гүлзарлар мен саябақтар пайда болады. Қала ішінде бұрын-соңды болмаған ауқымды көгалдандыру шаралары жүргізіледі. Сауда нысандарының қожайындары дүкендер мен супермаркеттердің қасбетін безендіріп, маңайын абаттандыру қажет. Сонымен қатар, облыс орталығында қаңырап бос тұрған 30 шақты өндірістік ғимаратты қалыпқа келтіріп, оны ауыл шаруашылығы тауарларын өңдейтін жауапкершілігі мол бизнесмендерге береміз. Тұрғын үйлерді сапасыз материалдардан тұрғызып жатқан құрылыс компанияларын қара тізімге енгізіп, олармен біржола келісім шартты бұзамыз.

Берік Қасен