Игорь Балеев – СҚО ТЖД бөлім бастығының орынбасары:
– Соңғы өрт оқиғасы ақпанның 2-ші жұлдызында тіркелді. Есіл ауданының орталығында жеке сектордағы тұрғын үй қызыл жалынға оранған. Салдарынан 80 жасқа таяған кейуана көз жұмды. Негізі, өрт оқиғасы баспанадағы пешті тұтатқан уақытта өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстанбағандықтан орын алып отыр.
Бұдан бөлек, қаңтарда қыс қаһарын ерекше танытып, сынап бағанасы -40 градусқа дейін төмендегені баршамызға белгілі. Осындай ауа райына байланысты төтенше жағдай комитетінің қызметкерлері тұрғындардың ұялы телефондарына 5 рет дауылды ескерту жөнінде хабарлама жіберген. Сондай-ақ, дизельдік отынмен жүретін көліктердің қатынауына тыйым салынып, мектептерде сабақтар уақытша тоқтатылған болатын.
Булатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:
– Биыл қыста ақ ұлпа нормадан төмен мөлшерде жауғандықтан, өңір жолдарын қар алып қалу фактісі әзірге тіркелмеді. Бірақ, былтыр біздің құтқарушылар 35 рет апат орнына шыққан. Осылайша, қиын жағдайда қалып қойған 13 теріскейлік құтқарылып, діттеген жерлеріне жеткізілген.
Синоптиктердің болжауынша, осы ақпан-наурыз айларында облысымызда борандар күтілуде. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ауа райы құбылған жағдайда алыс сапарларға шықпауға кеңес береді.
Тогжан Акмагамбетова