МТРА жаңалықтары

Өңірде АИ-92 маркалы бензиннің 6 күндік қоры бар

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда өңірде АИ-92 маркалы бензиннің 2760 тоннасы бар. Ол 6 күндік қор. Қазанның 29-нан бастап 1100 тонна отын тағы әкелінеді. Осы ретте дефицит болмайды деп айта аламын. Соңғы жылдары облысқа жеткізілетін бензиннің 80 пайызы импорттық. Біз жанар-жағармайды негізінен павлодарлық зауыттан сатып аламыз. Бұл кәсіпорын 26-нан бастап күрделі жөндеуден шықты. 30-на қарай толық қуатына көшпек. Енді қараша айында олар біздің сұранысымызды орындай алады деген ойдамын.

Облыста тек бензин ғана емес, сонымен қатар азық-түлік те қымбаттаған еді. Әсересе, картоптың құны базарларда шарықтап кетті. Келісі 120-130 теңге. Мұндай жағдай көкөнiс өнiмдерiн әкелетiн делдардардың келiсіп әрекет етуінің нәтижесінде туындапты. Бағаны тұрақтандыру үшiн “Солтүстiк” әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясы тұрақтандыру қорына 800 тонна картоп, 100 тонна сәбiз, 100 тонна пияз және 100 тонна қырыққабат сатып алды.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда базарларда картоптың бiр келiсi 75 теңге, қырыққабат 55, пияз 90 және сәбiз 88 теңгеден сатылып жатыр. Бұл тауарларды “Дария”, “Коммуналдық” және “Южный” базарларынан алуға болады. Сонымен қатар “Семейный” гипермаркеті желісінде де саудалануда. Ал бағаны негізсіз өсіретін делдалдармен біз жұмыс жасап, өнім құнын тұрақтандырамыз.

Бағаның шарықтауына жол бермеу мақсатында облыс орталығында жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сондай шараның бірі 28-шi қазанда өтедi. Онда жалпы көлемi 930 тонна болатын өнiмнiң 100 түрi саудаға шығарылмақ. Тауарлардың бағасы базармен салыстырғанда 20-30 пайызға төмен болады.

 

Риат Шони