Білім

Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығында 100-ға жуық ұл-қыз ем қабылдауда

Содан бастап бұл жерде 3-пен 18 жас аралығындағы психоневрологиялық ауруларға шалдыққан балалар ем қабылдап келеді. Қазіргі таңда мұндағы науқастармен дефектолог, психолог, логопед сынды 50-ден аса маман жұмыс істеп жатыр.

Инна Боровко – Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының әдіскері:

–  Біздің орталықта тәуліктік және күндізгі стационар бар. Бүгінгі күні 100-ге жуық балаға қызмет көрсетіп жатырмыз. Олардың диагноздары әр түрлі. Ұл-қыздардың көбі сал, аутизм және ақыл-есі кемістігі дерттеріне шалдыққан. Мекеме облыстық болып саналады. Сол себепті орталыққа өңірдегі психоневрологиялық ауруларға шалдыққан барлық жеткіншектерді қабылдаймыз.

Орталықтың күндізгі стационарында жалпы саны 44 бала ем-дом қабылдауда. Жеткіншектер облыс орталығында тұрады. Оларды ата-аналары таңғы 8-де әкеліп, кешкі 18:00-де алып кетеді. Мұнда науқас ұл-қыздарға бар жағдай жасалған.

Наталья Кузьменко – Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының күндізгі бөлім тәрбиешісі:

–  Мекемеде 2010 жылдан күндізгі стационар жұмыс істеп жатыр. Мұнда балалар уақыттарын тиімді өткізеді. Сылау кабинетіне барып массаж қабылдайды. Қатарластарымен ойнайды, би үйренеді, сурет салады. Сауаттылық ашу сабақтары да өтеді. Күндіз ұйықтатамыз. Уақытылы тамақтары да беріледі. Мұндағы жағдайға ата-аналардың көңілдері толады.

Мекеменің әр қабатын аралап жүріп мына бөлмеге бас сұқтық. Іште бізді әп-әдемі Әлихан есімді бала қарсы алды. 7 жастағы жеткіншек 4 айлығында эпилепсияға ұшырапты. Содан бастап дұрыс сөйлеуден қалған. Науқастың ата-анасы ұлдарын емдеу үшін талай аурухананың табалдырығын тоздырыпты. Тіпті, Германияда 2 рет тексеріліп, Ресейдің Түмен қаласында миына ота жасалған. Қазір денсаулығы аздап жақсарған. Ол орталыққа 1 жылдан артық келіп жүр.

Міне, Әлиханды алып кету үшін әкесі келді. Бала өзіне қымбат жанды бірден танып құшағына енді. Осы орталыққа қабылданғалы бері Самат Жапаров ұлының жағдайы жақсарғандығын айтады.

Самат Жапаров – ата-ана:

–  Мында ұлыммен білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Қазір балам буындарды айтып үйренді.

Күндізгі стационардың дефектологы Дәурия Ақышева сырқат балаларды сөйлеуге, өзін-өзі басқаруға баулиды. Қазір маман ақыл-есі кем диагнозына шалдыққан Кириллмен жұмыс істеуде. Жеткіншек суреттердің ішінен кәсіп иесін тауып алуы керек.

Тағы, мекемеде ән айтуды да үйретеді. Биге де баулиды. Түрлі дене шынықтыру сабақтары өтіп тұрады. Онда ұл-қыздар шамаларына қарай жүгіреді-секіреді, арнайы тренажерларде бой жазады. Оталықтың сенсорлы бөлмесі әдейілеп диодты шамдармен безендірілген. Қараңғы залда балалар әуен ырғағымен 25-30 минут жатып демалады. Мұнда жеткіншектер сергиді, бойдағы күйзелістен арылады.

Азамат Дүйсенов – Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының психологы:

– Сенсорлы бөлмеге кез-келген бала кірмейді. Онда жеңіл ақыл ой кемістігіне ұшыраған науқастар ғана емделеді. Ал, терең ақыл есі кем және аутизм диагнозына шалдыққандарды мұнда әкелмейміз. Өйткені, олар қараңғыдан қорқады.

Орталықтың тәуліктік стационарында болса, 55 жеткіншек емделуде. Олардың дені жетімдер. Тағы ата-аналары бас тартқан науқас бүлдіршіндер де бар. Дегенмен, биыл 3 отбасы бір кездері тастап кеткен бауыр еті балаларын алып кетіпті.

 

Байболат  Култанов