Алайда, бұған қарамастан кішкентай өңір тұрғындарының отпен ойнауынан төтенше жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан, оқыс оқиғаның алдын-алу мақсатында бүгінде теріскейлік құтқарушылар мектеп оқушыларымен және балабақша тәрбиеленушілерімен кездесуде.
Нұрлыбек Мұстафин – СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі №4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі:
– Айлық аясында бірқатар мектептер мен балабақшаларға бардық. Бұндағы мақсатымыз – бүлдіршіндер мен балаларға оттың қауіпсіздігі жайлы айту.
Бүлдіршіндер меймандарды ұйып тыңдап отыр. Өрт сөндірушілер қыз-ұлдарды өз мамандықтарымен таныстырып, оқыс жағдайда қалайша әрекет ету керектігін баяндады.
Жалпы, балалардың өрт қауіпсіздігі ережелеріне қатысты білімдері көңіл қуантарлық. Барлық сұрақтарға балғындар белсенді жауап берді.
– Бүгінгі келген құтқарушылардан көп қызықты мағлұмат алдым. Мысалы, өрт оқиғасы орын алса, онда 101 нөміріне хабарласу қажет. Түтіннен қорғану үшін мұрынды киіммен не болмаса орамалмен жабу қажет.
– Өрт кезінде терезені ашуға болмайды, себебі желдің күшімен от көбейіп кетуі мүмкін. Оны су және құммен сөндіруге болады.
Кездесу соңында құтқарушылар балаларға кішігірім сыйлықтар мен қауіпсіздік ережелері жазылған естеліктерді тарту етті.
Эльмира Садвокасова