Александр Барон – Қазақстан еврейлер қауымдастығының басшысы:
– Қазақстан еврейлер қауымдастығында 2000-шы жылдан бастап “Орталық Азия еврейлері” атты ауқымды жоба қолға алынды. Біз екі жылда бір рет конференциялар өткізіп, тарихи мағлұматтар жинаймыз. Осы уақытқа дейін 8 шара өткізілді. Жобаның жемісі – 13 кітап жарыққа шықты. Ол еврейлерді эвакуациялау мен босқындар жайлы. Бұл туындыны жазуда әлемнің 12 мемлекетінің тарихшы-ғалымдары еңбек етті.
Еврейлерді эвакуациялау мен Қазақстандағы еврейлер жайлы туындыларды енді өңір тұрғындары С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына келіп оқи алады. Алдағы уақытта бұл кітаптар үлкен сұранысқа ие болады дейді мұндағылар.
Ляна Овчаренко – С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы әлем әдебиеті бөлімінің жетекшісі:
– Біз осындай ғажап сыйлықты алғанымызға қуаныштымыз. Бұл тарихи оқиғалар жазылған туындылар. Оны оқырмандар қызыға оқиды деп ойламын.
Әлем бойынша еврейлердің саны 13 млн-нан астам. Қазақстанға бұл ұлт өкілдерінің келуін 5 кезеңге бөлуге болады. Алғашқысы Ұлы Жібек жолының ашылуымен басталды. Ал, соңғысы Тың игеру кезінде. Бұл науқанға көптеген еврейлер тартылды. Олар – білікті мамандар, қаржылық-экономикалық сала мен түрлі басшылық қызметте еңбек еткендер.
Рашбиль Евдаев – СҚО еврей мәдени орталығының төрағасы:
– Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанға қоныс аударған еврейлер бел жазбай еңбек етті. Оларды қазақ халқы бөтенсіген жоқ, құшақ жая қарсы алды. Сол үшін біз оларға алғысымызды білдіреміз.
Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам этнос тұрады. Олардың ауызбіршілігі – көпке үлгі. Бүгінде еліміздегі әр ұлт пен ұлысқа өз салт-дәстүрін дамытып, өнерін өркендетуге тиісті жағдайлар жасалған.
Риат Шони