Қазақтың асқан еті, орыстың каравайы, немістің штруделі және поляктың бигусы. Тағамдардың алуандығы мен молдығы көздің жауын алады. Дәмін татам десең – мархабат. Мәселен, бұл – қазақ халқының мәдени бұрышы. 6 селолық округ бірігіп жасаған. Мұнда келушілерге дәмі тіл үйірер балғын қымыз ұсынылды. Жергілікті шаруалардың өнімі. Ауданда бие сүтін ашытып, сусын жасау кәсібі қарқынды дамып келеді екен.
Мұнда ағаш ыдыс-аяқ, тоқыма, тұрмыстық заттар орын тепкен. Бәрі тайыншалық қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан. Ал, мына бұйымдарды жергілікті балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері жасапты. Қазіргі таңда аталмыш оқу ордасында 300-ге жуық бүлдіршін өнердің 4 бағыты бойынша дайындалады.
Балхия Өтелбаева, Тайынша аудандық балалар өнер мектебінің өкілі:
– Ән айту, музыка, хореография және қолөнер бағыттары бойынша жұмыс жасаймыз. Жетістіктеріміз жетерлік. Мәселен, “Детская новая волна” халықаралық фестивалінің қатысушысы Әмина Жапар біздің мектепте тәлім алады.
Шара әдеттегідей гала концертпен қорытындыланды. Аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, мың бұрала биледі.
Концерттік бағдарлама да “ЭКСПО-2017” көрмесін айналып өтпеді. Халықаралық шараның маңызын жергілікті жеткіншектер флешмоб арқылы жеткізді.
– Тайыншалықтардың өнері мені таң қалдырды. Шарадан рухани дем алып, ләзаттанып қайттым. Мұндай шаралардың саны артса игі болар еді.
Тайынша Қызылжарда мәдениет күндерін өткізген бесінші аудан. Кезек Шал Ақында. Мәдени шаралар кешені қарашаға дейін жалғасын таппақ.
Саят Ермек