Бейбіт Қарымсақов – “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ Басқарушы директоры:
– Халықаралық павильондарға кіріп-шығулардың жалпы саны 1млн 57 мыңнан асады. Бздің кешенге 167 мың 884 адам келді. Бір қонағымыз күніне 5-6 нысанды көріп шыға алады.
Шетелдіктердің көрмесі 126 мың шаршы метрге жайғасқан. Мұнда келушілердің дені Қытай мен Жапония және Ресей сынды әлемге танымал елдердің павильондарына қызығушылық танытуда.
Илья Уразаков – “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” халықаралық қатысушылармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры:
– Барлық павильондар жоғары сұранысқа ие. Десе де үздік ондыққа Қытай, Сауд Арабия корольдігі, Түркия, Үндістан мен Малайзия, Өзбекстан мен Ресей, Тайланд пен Жапония сынды елдер еніп отыр. Мысалы, Қытай көрмесіне бір апта ішінде 33 мың көрермен келді. Ал ресейліктерге 21 мыңнан астам адам барған.
Көрменің басталғанына 10 күн өтсе де шараның қызығы әлі де таусылар емес. Күн сайын мұнда түрлі мемлекеттердің ұлттық күндері ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар өткізілуде. Алыстан ат терлетіп келген меймандар да өздерімен бірге кәдесыйлар әкетуге асық. Мәселен, олар 9 күннің ішінде 28 млн теңгенің 20 мың дана тауарын сатып алған.
Дәулет Еркімбаев – “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ коммерциялау департаментінің директоры:
– Бүгінде көрмеге 1,5 млн билет сатылды. Десе де шара барысында жалған билеттер де анықталып жатты. Яғни, келушілер біздің электронды билетіміздің жай ғана көшірмесін жасап алған. Бірақ, бұл әрекеттерінен еш нәтиже шықпады. Алғашқы күні дәл осындай 100 факті анықталды, кейін – 70. Кеше мұндай оқиға тіркелген жоқ. Айту керек, бізде интеллектуалды жүйе тұр. Сондықтан, көрмеге жалған билетпен кіру мүмкін емес.
Бүгінде алаяқтыққа жол бергендер анықталды. Енді бұл іске қатысты тергеу жүргізілетін болады. 10 күннің ішінде БАҚ-нда ЭКСПО-ға қатысты 2200 ақпарат таратылған. Оның 700-і шетелдік басылымдар мен теларналарда және түрлі агенттіктерде жарияланған.
Айгерим Ержанова