Салтанат Үмітбаева – №3 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері:
– ЖРВИ-мен балалар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жиі ауырады. Аталған дерт өкпе қабынуына, тамақ ауруы, бүйрек түбі мен қуықтың қабынуына әкеп соқтыруы мүмкін. Тіпті, адамды мүгедектікке душар етуі ықтимал. Аталмыш инфекцияны жұқтырып алмас үшін екпе жасатыңыз. Болмаса, қолды бактерияға қарсы сабынмен жиірек жуып, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеңіз.
Қазан айынан бастап жіті респираторлық вирустық инфекцияны 9 мың солтүстікқазақстандық жұқтырыпты. Соның 70 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Әсіресе, петропавлдықтардың саны басым.
Юлия Гайсина – СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментi эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы:
– Қазан айынан бастап ЖРВИ диагнозымен 22 адам ауруханаға жеткізілді. Соның 5-еуі – бала. Бұдан басқа 45 адам өкпесін қабындырып алған. Биыл облыс бойынша тұмауға қарсы барлығы 60 928 адамға екпе жасалды. Соның 20 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Негізі облыста ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Зейнеткерлер мен диспансерлік есепте тұрған жандарға тұмауға қарсы екпе тегін жасалады. Ал, өзге азаматтарға аталмыш қызмет түрі ақылы – 2000 теңге тұрады.
Берік Қасен