Шара аясында арнайы құрылған жұмыс тобы ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлерге жасалатын өзге де қолдау тетіктері туралы ақпарат береді. Және азаматтар қолға алғысы келетін жобаның соңына дейін жүзеге асырылуын қадағаламақ.
Асхат Ауқатов – СҚО прокуратурасы 1-ші басқармасының бастығы:
– Өңір прокурорлары, кәсіпкерлер палатасы және “Нұр Отан” партиясы өкілдерінің ортақ шешімі бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы халық арасында бизнесті ашу, оны жүргізу бойынша кеңінен ақпарат береді. Қай орыннан жер учаскесін алуға болатынын айтып, әрбіреуінің қабілетіне сай кәсіп түрін таңдауға кеңес етеді.
Жақында жұмыс тобы Мамлют және Қызылжар аудандарына барып, елді мекен тұрғындарымен кездеспекші. Бүгінде Қызылжар ауданында құс және мал шаруашылығымен айналысу тиімді көрінеді. Аталған ауданның жергілікті атқарушы органдары кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылымдарды тартып беруге көмек береміз дейді.
Есжан Тілеубай – Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Қызылжар ауданында тұрғындарға жалға берілетін егістік жерлер жоқ. Тек жайылымдық жерлер бар. Аудан аумағында 70 су қоймасының 27-сі жалға берілмеген. Сондықтан адамдар көлді жалға алып, құс немесе мал шаруашылығымен айналысуына болады.
“Бизнесті дамытудың жол картасы” деп аталатын акция өңір аудандарында ұдайы өткізіліп тұрмақшы.
Берік Қасен