Қоғам

9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні



 

Дүниенің бір түкпірінен екіншісіне дейін хат жолдау, хабарлама, сәлемдеме жеткізу және ақшалай аударым жасау. Бұл почта мекемесі атқаратын қызметтердің бір бөлігі ғана. Соңғы 9 жыл ішінде «Қазпочта» АҚ облыстық филиалының көрсететін қызмет көлемі 5,8 есеге артыпты. Мерзімді басылымдарға жазылу көлемі де 102 пайызға өскен. Почта күніне орай жұртшылық назарына мекеменің жетістіктері мен газет-журналдар көрмесі ұсынылды.

Надежда Объедкова, «Қазпочта» АҚ СҚОФ жетекші маманы:
– 5 қазаннан мерзімді басылымдарға жазылудың жаңа науқаны басталды. Біз оқырмандарға 8 мыңнан астам газет-журнал ұсынып отырмыз. Оған жазылу үшін салық төлеушінің тіркеу нөмірі қажет. Негізінен ұйымдар белсенділік танытуда.

Ашық хаттар мен пошта маркаларының көрмесі де тұрғындар назарына ұсынылды. Мұнда тәуелсіз елімізде шығарылған белгілерді көруге болады. Олардың ең алғашқысы 1992 жылы айналымға енген «Алтын сарбаз» пошта белгісі.

Тамара Манцуровская, «Қазпочта» АҚ СҚОФ бөлімінің бастығы:
– Қазіргі таңда елімізде 776 марка шығарылған. Олар мемлекеттік нышандар, олимпиада, сәулет, өнер, жазушылар сынды сериялармен жарық көрді. Олар еліміздің салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениеті жайлы сыр шертеді десем артық болмас.

Почта күніне арналған шаралар қазанның 15-не дейін жалғаспақ.

Инеш Шоқақова