Спорт

«Құлагер» және «Ертіс» ХК арасында қарымта матч өтті

Алғашқы периодтың қалған минуттарында қос құрама ойыншылары бір-бірінің қақпаларына алма-кезек шабуылдағанымен есеп ашылмады.

– Міне, көзді ашып-жұмғанша «Құлагер» және «Ертіс» ХК арасындағы матчтың алғашқы периоды аяқталды. Таблодағы есеп 1-де 0, әзірге жерлестеріміз алда. Теріскейлік ұжымның бүгінгі ойыны кешегіге қарағанда өте жақсы. Енді жерлестеріміз осы қарқыннан таймай кездесуде жеңіске жетеді деген сенімдеміз.

Келесі жиырма минуттықты солтүстікқазақстандықтар тағы белсенді бастады. Жанкүйерлер қолдауынан қуат алған жерлестеріміздің осы сәтте ойын өрнегі көз сүйсіндіреді. Дегенмен де кездесудің 22-ші минутында теріскейлік қорғаушы Евгений Гевел тәртіп бұзып алаңнан қуылды. Осы сәтте қонақтар сан басымдығына ие еді. Алайда, көп кешікпей құлагерлік сұрмерген Сергей Жаворонков гол соғып, дубль авторы атанды.

Сонымен, таблодағы есеп 2-де 0. Құлагерліктер алда. Екінші периодтың қалған минуттары тартысты өтті. Бірақ, бұл кезеңде шайба соғылмады. Келесі 20 минуттықта жерлестеріміз сауатты ойнады. Әсіресе, алдыңғы шептегі хоккейшілеріміз қонақтар қақпасының маңында қайта-қайта қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Ақыры, матчтың 46-минутында Анатолий Васильев үшінші шайбаны соқты. Көп кешікпей төреші ысқырығы шалынып, ойын аяқталды.

Андрей Янков – «Құлагер» ХК қақпашысы:

– Матч өте тартысты өтті. Бұл кездесуде өткен жолғы қателіктерге жол бермеуге тырыстық. Нәтижесінде жеңіске жеттік. Чемпионат жаңа басталды. Сондықтан, ойыншыларға бірден мұз айдынына төселіп, бар шеберлігін салып өнер көрсету қиын. Дегенмен, бүгінгі матчта 3 ұпай алғанымызға қуаныштымыз.

Енді жергілікті «Құлагер» ХК ел біріншілігінің келесі турын қыркүйектің 10-11 күндері тағы да өз айдынында өткізеді. Бұл жолы Петропавлға қонаққа өскемендік «Алтай Торпеда» құрамасы келмек.

 

Култанов Байболат