МТРА жаңалықтары

Петропавлда биылға 5-ші бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Оның ішінде зейнетке шыққан қариялар, 14 пен 18 жастағы жасөспірімдер, оқуын бітіріп өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмағандар да кездесті. Міне, солардың бірі – 26 жастағы Алмат Байпақов. Ол бүгінге дейін түрлі кәсіпте қызмет атқарған. Ендігі көздегені өз мамандығы бойынша жұмысқа тұру.

Алмат Байпақов:


– Газэлектрдәнекерлеуші мамандығы бойынша 2007 жылы гуманитарлық-техникалық колледжін тәмамдадым. Көп жыл бойы жұмыс таба алмаған соң, кез келген кәсіп бойынша еңбек еттім. Қазіргі уақытта өзімнің мамандығым бойынша қызмет орналасқым келеді. Бірнеше кәсіпорынның байланыс нөмірлерін жазып алдым.

Шиналарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын өкілдері қаламызда өтетін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне жылда қатысады. Аталған серіктестік осы жолы келушілерге 4 бос жұмыс орнын ұсынуда.

Бауыржан Мұхаметғалиев – “Soltustik rubber recycling” ЖШС директорының орынбасары:

 

– Бізге сату жөніндегі менеджер, темір ұстасы, электрші және сығымдаушы мамандары керек. Бүгін 16 адам келді. Олардың телефон нөмірлерін алдық. Келесі аптаға кәсіпорынға әңгімелесуге шақырамыз.

Осы жолғы бос орындар жәрмеңкесінде 20 кәсіпорын 200-ден астам жұмыс орнын ұсынды. Жарты күнге жалғасқан шара қорытындысы бойынша 60-қа жуық адам жұмыс орындарына әңгімелесуге мүмкіндік алды. Жәрмеңкелердің арқасында жыл басынан 130 солтүстікқазақстандық жұмысқа орналасқан.

Тоғжан Ақмағамбетова