ТКШ

Петропавлда қазанның 1-нен жылу беріле бастайды



 

Петропавлда 1035 көп қабатты тұрғын үй бар. Солтүстік өңірде суық ерте түседі. Сондықтан пәтер иелері күз басталғанда үйдің құбырларын шайып, жылуды қабылауға даярлап қоюы керек. «Эксплуатационник» ЖШС-нің бір өзі 360 үйге осындай қызмет көрсетіпті. Кәсіпорын өкілдері тапсырыстың өскенін айтады.

Виктор Манякин, «Эксплуатационник» ЖШС директоры:
-Жылумен қамтамасыз ету жұмыстары мен бойлерлерді ауыстыру істерін үлкен қарқынмен жүргізудеміз. Тапсырыс көп. Әсіресе, Жұмысшы кентінен келіп түскен өтініш бастан асады.

Жылуды қосу ісі қазанның 1-нен басталмақ. Балабақшалар, білім мекемелері мен денсаулық сақтау орталықтары алғашқылардың бірі болып жылытылады. Ал тұрғын үйлер 14 күнге жоспарланған бағдарлама аясында жылуды кейінірек алмақ.

Антон Макаров, қала әкімінің орынбасары:
– Біз жылуды жаңадан құрылған бағдарлама бойынша беретін боламыз. Алайда жобаны жүзеге асыруға кедергі туғызып жатқандар да бар. Көп үйлер жылудың қысым жүйесін тексертпей уақытты созуда. Сондай үйлердің көбі 19, 20 шағын аудандарында орналасқан.

Отырыста «Петропавл су» АҚ жұмыстары да қаралды. Әсіресе, жылы су құбырларын ауыстыру ісінің созылып кеткені айтылды. Жөндеу жұмыстары басталғаннан бері 67 үй тұрғындары жылы суға қол жеткізе алмай, қиындық көруде.

 Андрей Дубков, «Петропавл жылу жүйесі» ЖШС бас инженерінің орынбасары:
-Иә, көп үйлер жылы су ала алмай қиналып отыр. Біз өз жұмысымызды қазанның 1-не дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Абай мен Осипенко көшесінің тұрғындары әсіресе қиналуда. Жолдарды да қалыпқа келтіреміз. Ол «Су 808» ЖШС-мен келісім бойынша жүзеге асатын болады.

Петропавлдықтарға қыркүйектің 24-нен 26-на дейін су берілмейді деген хабар таратылған болатын. Себебі жүйе тазалаудан және дезинфекциядан өтуі керек еді. Алайда бұл жұмыс шегеріле тұрмақ. Осы аптада қаламыздың 2 ауруханасына кардиохирургтар келетін көрінеді. Олар бірнеше адамға жедел түрде ота жасамақ. Ал су бұл істі сәтті жүзеге асыру үшін аса қажет.

Гүлден Сәрсенбаева