Қоғам

Ерлікке тағзым

 

Осыдан 18 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында Таулы Памирдің Пшихавр шатқалынан жүк алып өтіп бара жатқан ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің бітімгерлік колоннасы тұтқиылдан ауған моджахеттерінің нысаналы шабуылына ұшырады. Сол ұрыста өздеріне жүктелген міндетті орындау барысында оққа ұшқан Ішкі әскердің 17 жауынгерін әскери институттағылар еске алып, олардың ерліктеріне тағзым етті.

Жұмабек Ахметов, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының бастығы:

– Ешкім де өлгендерді тірілтуге құдіретсіз, дегенмен оларды еске алу біздің қасиетті борышымыз, – деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде. Шынымен өткенді қайтара алмасымыз ақиқат, бірақ құрмет көрсету парыз.

Жерлесіміз Ерлан Алданазаров қанды шайқасты көзімен көргендердің бірі. Талай жастың өмірін қиған 1995 жылғы оқиғада оған рота командирінің міндеті жүктеліпті.

Ерлан Алданазаров, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледждің АӘД оқытушысы:

– 1995 жылы 7 сәуір күні біздің рота моджахеттердің шабуылына тап болды. Осы күні біз 17 жауынгерден айырылдық, 34-і жараланды. Қазақстан бойынша осы күн еске алу күні болып саналады.

Митинг барысында тәжік-ауған шекарасындағы шайқасқа қатысқандар мен сол жерде әскери қызметін өтегендер ҚР ІІМ ІӘ-нің Бас қолбасшысының бұйрығымен алғыс хаттармен және медальдармен марапатталды.

Ошақбай Сейітбеков, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институттың әскери педагогика және психология кафедрасының бастығы:

– 1995-тің қыркүйек, 1996-ның ақпан айларында тәжік-ауған шекарасында қызмет атқардым. Біздің міндетіміз – шекараны қорғау болды. Тәжік-ауған шекарасында әр кезде қызметтен өткен әскерилер қаза болғандарды ешқашан ұмытпаймыз. Біздің курсанттар оларды үлгі тұта білулері тиіс.

Ауған-шекарасында қаза болғандарды мұнда бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Әспет Әбдірешова