Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда жылыту маусымы басталды

 

Болатбаев көшесіндегі 36-үй тұрғындары қауырт маусымға ерте бастан қамданып қойыпты. 35 пәтерден тұратын баспананың қысқа әзірлігін растайтын құжаттары дайын. Қыстың қамын жаз ойлайтын тұрғындар құбырларды толықтай жуып-шайған. Тіпті элеватор торабының жүйесінде энергетиктердің өнімін үнемдегіш тізбекті насос қосулы тұр. Есептегіш құрылғылары орнатылған. Мына заманауи жабдық жұмсаған жылудың көрсеткішін бірден автаматты түрде орталық диспечерлік қызметке жөнелтеді. Өстіп тыңғылықты сайланған тұрғынжайға алғашқылардың бірі болып жылу жіберілді.

 

Бахытжан Жайлаубаева, Болатбаев, 36 мекенжайының тұрғыны:

– Бәрінен бұрын жылуға қосылғанымыз қуантады. Осы үйде тұрып жатқаныма 7 жыл болды. Осы уақытта жылу бойынша ауыртпашылық болған емес. Кішкентай балалар, кәрі адамдар тұрады. Пәтерлеріміз жылы.

 

Энергетиктер тұтынушыларына аталмыш үй тұрғындарының пысықтығы үлгі болса екен деп тілейді. Облыс орталығындағы 1036 көп қабатты баспананың тек 580-де ғана жылыту маусымына әзірлік паспорты бар. Ұйымшылдық танытпаған өзге пәтер иелерінің дені күздің қара суығына әзір емес.

 

Олег Лупаревич, “Петропавл жылу желілері” ЖШС инженері:

– Көбіне жылу тартуға келген үйлер маусымға дайын болмайды. Қысқа әзірлік құбырларды жуып-шаюмен шектелмейді. Осыны алға тартып жылу беріңдер дейді. Бірақ желілерінде ақаулары бар. Немесе боулерлері тым тозған болады. Жылу жіберсек істен шығып мәселе тудыруы мүмкін. Кесірін өзге үйлер тататын болады.

 

Бұндай кемшіліктер тіркелмесе, энергетиктер күніне 40-тан астам үйді жылуға қосуға қауқарлы. Бүгінде әлеуметтік нысандардың 90 пайызы орталық желіге жалғаныпты. Тұрғындардың немқұрайлығы тұсау болмаса, қазанның соңына дейін қаланы толықтай жылуға қосу көзделген. Әзірге бұл үрдіс жоспарға сай облыс орталығының солтүстік аудандарынан бастау алды.

 

Жеңіс Ермұқанов