Білім

Жаңа оқу жылына дайындық



 

Қар ерісе, не жаңбыр жауа қалса, № 9 мектептің акт және спорт залдарының әбден тозған төбесінен су ағып мазалайтын. Бүгінде сыр берген шатыр жаңасына алмастырылып бүтінделді. Жергілікті қазынадан құйылған 5 млн 8 мың теңгеден артық қаржының жұмысы мердігер “Политехника Строй” ЖШС тапсырылған болатын.

 Николай Ушаков, “Политехника Строй” ЖШС прорабы:
750 шаршы метр аумаққа “рукон” құрылыс материалын 2 қабаттап төседік. Ылғал, жел, шу өткізбейді, өте берік. Оның сапасына кепілдік береміз. Бізге сеніп тапсырылған шаруаны өз ісінің шеберлері уақытынан бұрын аяқтады.  

Қазір оқу мекемесінің жанындағы 129 орындық шағын орталықтың шатыры да жаңартылып жатыр. Бұл іске “ДСК Жилмассив” ЖШС мамандары кірісті. Мектепке дейінгі білім ошағының төбесіне заманауи металл-қыш қаптама жабылады. Мердігер 10 млн. 802 мың теңгеге бағаланған жұмыстарды 1-ші тамызға дейін аяқтаймыз деп сендіріп отыр. Мектеп әкімшілігі қара суық айларын қарсы алуға бүгіннен сақадай сай.

 Сәуле Болатбекова,  №9 орта мектеп директоры:
-Жылыту жүйесін жетілдіріп, қажетті бұрандаларын орнатып қойдық.
Құбырларды жуып-шаю жұмыстары да тәмамдалды. Әзірлік бойынша енді қам жемейміз. Комиссия тексеріп, қысқа дайындықты растайтын құжаттар қолымызға тиді.  

Білім қуған жастардың мекені жылдағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына да қызу кіріскен. Сыныптарды әрлеп-сырлау, жарық шамдарын ауыстыру істері аяқталыпты. Ендігі қалғаны дәліздерді қалпына келтіру. Мектептің ауласы да жазғы демалыс уақытында тың өзгерістерге ұшыраған. Оқу мекемесінің айналасы жасыл желек, сан алуан гүлдерге толып-ақ тұр. Бір сөзбен, жаңа оқу жылында мыңға тарта шәкіртке білгеніне білім қосудың бар жағдайы қарастырылып жатыр.

Жеңіс Ермұқанов