Балалар

Салауатты өмір салтын насихаттау

 

 

Жерлесіміз Сергей Басов гір көтерумен 5 жыл бойы айналысады. Бұл спорт түріне 14 жасында бапкері ертіп әкелген, содан бастап тынымсыз дайындалып келеді. Жерлесіміз 11-сыныпта оқып жүрген кезінде алғаш рет Астана қаласындағы жарыста бағын сынап, спорт шебері атанған. Ал осы күнге дейін ол Көкшетау, Өскемен, Шымкент қалаларында өткен жарыстарда жүлделі орындарды еншілеп үлгеріпті.

 

Сергей Басов, ҚР спорт шебері:

-Гір көтеру спортымен шұғылданғанда күш, пысықтық, төзімділік пен шыдамдылық сияқты қасиеттер жетіледі. Спортшының ағзасына көп күш түсіп, бұлшықет әрдайым өсіп отырады.

 

Тәні саудың – жаны сау дегендей, жастар әрқашан спортпен айналысуы қажет. Салауатты өмір салтын насихаттаған СҚО жастар мәслихаты өкілдерінің кездесуді ұйымдастырудағы мақсаттары – Сергейді өскелең ұрпаққа үлгі ету. Жиын барысында “Көктем” балалар мен жасөспірімдер клубының тәрбиеленушілері спортшыға өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды.

 

Аяжан Қабиева, СҚО жастар мәслихатының мүшесі:

-Бүгінгі шарамыз кездесу түрінде өтіп жатыр. Оның мақсаты – жастар мен жасөспірімдерді спортқа баулу болып табылады. Болашақта осындай кездесулерді жиірек өткізуді жоспарлап отырмыз.

 

Кездесу соңында Сергей Басовқа СҚО жастар мәслихатының атынан жеңіл жейде тарту етілді. Ал “Көктем” балалар мен жасөспірімдер клубының тәрбиеленушілеріне спортшының суреті бар күнтізбелер үлестірілді.