Сөйтіп, 10 күннің ішінде құқық қорғау органдарының өкілдері облыс орталығын ластағандарға қатысты 287 әкімшілік заңнама толтырған. 112 тұлғаға ескерту жасалса, 175-іне 400 мың теңгенің айыппұлы салынды. Көбіне жеке кәсіпкерлер облыс орталығын абаттандырудың қарапайым ережелерін елемейтін көрінеді. Сондайлардың бірі асхананың жанына қоқыс салатын урна орнатпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір азаматқа автокөлігін арнайы орында емес, рұқсат етілмеген жерде жуғаны үшін 1852 теңгенің айыппұлы салынған. Темір тұлпарын көпқабатты үйдің балалар ойнайтын алаңына қалдырған жүргізуші де осындай көлемдегі қаржысынан қағылды. Дегенмен, заң бұзушылықтардың дені қалада тазалық сақтамауға қатысты. Яғни, тұрғындар қоқысты кез келген жерде тастап кетеді. Айта кету керек елді мекендерді абаттандыру ережелерін сақтамаған, инфрақұрылым нысандарын қиратып, жасыл желектерге залал келтіргендер ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодексінің 387- бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғалар үшін – 20, заңды тұлғалар мен шағын және орта бизнес өкілдеріне 50-ден 100-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған деп хабарлайды ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Бану Ахметова