Білім

ҰБТ-ға әзірлік

 

Дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейін осы жылы 26 түлек тәмамдамақ. Олардың алдында тұрған үлкен сын – ұлттық бірыңғай тестілеу. Күн өткен сайын оған әзірлік қызу жүруде дейді ұстаздар қауымы.

 

Аягөз Әлімбаева, дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

-Өткен жылға ұлттық бірыңғай тестілеуде біздің түлектеріміз орта есеппен 102,9 пайыз ұпай жинап, облыс бойынша екінші орыннан көрінді. Екі оқушымыз Алтын белгіні дәлелдеді. Қазіргі күні түлектеріміздің барлығы еліміз бен алыс, жақын шет мемлекеттердің оқу ордаларында білімдерін жалғастырып жатыр.

 

Білім ордасын биыл тәмамдайтын түлектердің дені облыстық, республикалық олимпиадалар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары атанғандар. Олардың екеуі алтын белгіге үміткер болса, алтауы үздік аттестатқа ұсынылыпты. Ұлттық бірыңғай тестілеу 11 жыл бойы алған біліміңді таразыға тарту болып табылады. Сыннан сүрінбей өтсең – ұтасың, қате кетсең – ұтыласың. Дегенмен аса алаңдауға негіз жоқ. Себебі биылғы сынақтың өткен жылғыдан өзгешелігі жоқ. Таяуда, ұлттық бірыңғай тестілеу биылдан бастап екі кезеңмен жүргізіледі деген алыпқашпа сөз шыққан болатын. Білім басқармасы мамандары оны жоққа шығарып отыр. Әзірге түлектердің қаңқу сөзге алаңдауларына негіз жоқ. Сынақ 5 пән бойынша жүргізіледі. Сұрақтар саны – 125, оны шешуге бірлетін уақыт – 3,5 сағат.

 

Самат Есмағи