Гүлсара Сәбиева – Полтавка орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі. СҚМУ тәмамдаған жас маман аталмыш білім ошағына “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында жұмысқа тұрған. Бірден көтермеақы алды. Баспана жағынан қам жемейді. Өйткені еңбек жолын туған ауылының өзі оқыған мектебінде бастап отыр.
Гүлсара Сәбиева, Полтавка орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, Аққайың ауданы:
-Мен елімнің, кіндік қаным тамған кішкентай отанымның патриотымын. Ауылым – алтын бесігім деген нақылды ұстанып, өзім түлеп ұшқан мектеп оқушыларына білім нәрін сусындатқанды жөн санадым. Меніңше әрбір адам еліміздің гүлденуіне үлес қосамын десе, алдымен туған ауылының игілігіне жұмыс жасауы керек. Үкімет жағдай жасайды. Оны ақтай білуіміз керек.
Жас та болса біліктілігімен танылып үлгерген белсенді ұстазға 11 сыныпқа жетекшілік ету ісі сеніп тапсырылған. Биылғы түлектердің барлығы дерлік білімдерін ҰБТ сынайтын болады. Емтиханнан шәкірттерін сүріндірмеу үшін заманауи тағылым алған маманның бойында алғы шарттар жетерлік дейді мектеп әкімшілігі.
Бүгінде мектепте жиырма жеті ұлағатты ұстаз жүз екі оқушыға білгендеріне білім қосуға септесіп жатыр. Оның екеуі мемлекеттік жоба аясында қатарға енді қосылған жас маман. Сондай-ақ оқу мекемесінің жанында 25 орынға шақталған шағын орталық жұмыс істейді. Онда да жас тәлімгерлер бүлдіршіндерге саналы тәрбие беруге үлес қосуда.
“Солнышко” шағын орталығында жеткіншектердің ой-өрісі дұрыс жетілуі үшін бар жағдайлар қарастырылыпты. Ойын, жатын бөлмелері керек-жарақпен толықтай қамтылған. Ата-аналарға кішкентайы үшін алаңдаудың еш себебі жоқ.
Жалпы Аққайың ауданына былтыр “Дипломмен -ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 жас маман келіпті. Оның 11-і мұғалім. Жоба мүмкіндігін пайдаланғандарға 1 млн. 817 мың теңгенің көтерме ақысы берілген. 14-і 31 млн.теңгеге жеңілдетілген несие рәсімдеп, баспаналы болды.
Жеңіс Ермұқанов