Теміртау қаласында өткен республикалық олимпиадаға облысымыздан 10 оқушы барған болатын. Дені облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицей оқушысы Тимур Хасенов биыл 11 сыныпта оқиды. Ол болашақта химия ғылымына жаңалық әкелсем деп армандайды. Сондықтан осы пәнге мықтап ден қойған.
Тимур Хасенов,Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің 11 сынып оқушысы:
– Бір уақытта 4 пән бойынша дайындалу мен үшін қиын болды. Бізге әр пән тапсырмасын орындауға 2 сағат уақыт кетті. Мектепті ойдағыдай тәмамдағасын Назарбаев университеті, не болмаса Қазақстан-Британ университетіне түсу басты арманым.
Әрине оқушыларды президенттік олимпиадаға даярлау оңай шаруа емес, оның үстіне күнделікті сабақты да алып жүру қажет.
Біржан Шаймардан, Дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі:
– Біз өте қуаныштымыз біздің оқушыларымыз үмітімізді ақтап, орын алып жүлделі орындар әкелді. Қанша жасаған еңбектерімізді осындай олимпиадалардың нәтижесінен көреміз, өте қуаныштымын.
Президенттік олимпиада математика, физика, химия, биология пәндері бойынша өткен болатын. Олимпиада қорытындысы бойынша химия пәнінен бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің оқушысы Тимур Хасенов пен Дмитрий Аристов бірінші, екінші орындарды алды. Қазақ-түрік мектеп лицейінің оқушылары Әлімжан Мәркен мен Әділет Мырзатай 3-ші орынға жайғасты. Нәтижесінде облыс намысын арқалаған дарындылар республикалық жарыста өңіріміздің атын шығарды дейді – Күлпаш Қалғожина.
Күлпаш Қалғожина, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
– Президенттік олимпиадалар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Облысымыздың түлектері олимпиадаға үнемі қатысады. Осы жолғы олимпиадада жүлделі орындардан көрінген 12 оқушының 4-уі біздің облыстан. Бұл әрине қуантарлық жағдай.
Дөңгелек үстел барысында олимпиада жеңімпаздары диплом, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бақыт Сәдуақасов