1 мен 10-сынып аралығында оқитын мына оқушылар жасұландықтар қатарына ену үшін қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, сабақты кілең жақсы бағаға оқып жүргендер. Және бойларына ізденімпаз әрі дарындылық қасиеттерін сіңірген ұландар. Тұңғыш президент күні қарсаңында “Жас ұлан” ұйымының қатарына 1,5 мың оқушы қабылданды.
Рустам Есенбергенов, республикалық “Жас ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының СҚО бойынша төрағасы:
– Нақты бүгінгі іс-шарада 180 баланы ұйымға қабылдадық. Осы іс-шарамызға Ресей мемлекетінен және Астана қалысынан қонақтар келді. Ол кісілер өздерімен бірге жаңа бағдарламалар және жаңа идеялар алып келді.
Тәуелсіз еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Бүгінде Елбасымыз келешек ұрпаққа мол сенім артады.
Мирболат Аңдағұлов:
– Біз жасұландықтар қоғамдық жұмыстарға әрі қарай белсенді қатысуға сөз береміз.
Мадина Нұрғазина:
– Елбасымыз “Қазақстанның болашағы жастардың қолында” деген тамаша сөзді бекерден-бекер айтып кеткен жоқ. Мен жасұландық ретінде қалалық, республикалық, халықаралық сайыстарда өзімді белсенді көрсетуге дайынмын. Және бүгінгі қойылған міндеттерді бұлжытпай орындаймын.
Мұхаммад Абдолла:
-Біздің Президентіміздің денсаулығы жақсы, мықты болсын. Балалар Елбасымыздың сенімін ақтап, сабақтарын жақсы оқысын.Барлығын құттықтаймын.
“Жас ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы Қазақстанның жастарын жаңаша көзқараста тәрбиелеуді көздейді. Республикалық қоғамдық бірлестік 2011 жылы 6 шілде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын.
Айнұр Бектемірова, республикалық “Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” ҚБ төрайымының орынбасары, Астана қ.:
– Көшбасшымыз 2011 жылы «Нұр Отан» партиясының XIII-ші съезінде балалар мен жасөспірімдерді біріктіретін “Жас ұлан” деген ұйым құрыңдар дегеннен кейін сол жылы 6 шілдеде осы республикалық ұйым құрылған болатын. Және қазір дамыған заманда баланы бір нәрсемен қызықтыру өте қиын. Сондықтан да осындай шараның арақсында біз оларға бағыт-бағдар беріп, өз ойлары мен идеяларын жүзеге асыруға көмек береміз.
Берік Қасен