Еліміздегі ветеринария саласы кенжелеп қалғаны жасырын емес. Сондықтан еліміздің бас ветеринарлық инспекторы қазіргі күні бұл бағыттағы қолға алынған шаралар жайлы баяндап өтті.
Мереке Тайтубаев, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы, ҚР бас мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторы:
– Ветерианарлық қызметтер ешкімге жалтақтамай жұмыс жасауы қажет. Сондықтан 2013 жылы ветеринарлық комитет құрылған болатын. Жергілікті жерлерде де жұмыстарды жандандыратын құрылымдар құрып жатырмыз. Біз баяғы жұмыс жүйесіне қайта келмекпіз. Бұл саладағы қызметті, мамандар санын кеңейту қажет.
Меймандар жергілікті жердегі әріптестетіне ветеринария саласындағы заңға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруде.
Роман Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Біз ауыл шаруашылығын қолдауға арналған жаңа механизмді іске қосқалы отырмыз, оған 334 млрд теңге бағытталмақ. Қазір сол механизмді түсіндіру үшін біз аймақтарды аралап жүрміз. Солтүстік Қазақстан облысы астықты өңір болғандықтын сіздер үшін бұл маңызды болмақ.
Меймандар жас ветеринар мамандарды жұмыспен қамту мәселесін де тілге тиек етті. Айта кету керек, қазір өңірімізде 9 ветеринарлық зертхана құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 1 млрд 70 млн теңгені құрап отыр. Жұмыстар 77 пайызға тындырылыпты.
Владимир Карабельников, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:
-Келісімшарт бойынша біз құрылысты қыркүйек айында тапсыруымыз керек болатын. Жұмыстар тек үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана басталды. Өйткені біз құжаттарды кеш алдық. Сондықтан нысанды тапсыру желтоқсан айында ғана мүмкін болмақ.
Жиында аталмыш саладағы қызметтердің материалдық-техникалық базасының жаңартылу жайы да талқыланды. Ағымдағы жылы бұл бағытқа 10 млрд теңге бөлініпті. Алдағы уақытта да ветеринарлық қызметке қажетті құралдарды алуға 6 млрд теңге бағытталмақ.
Мағжан Ахмадина