Агроөнеркәсіп кешені оң жолға қойылған ауданның өткен 10 айдағы ішкі өнімі 15 млрд 200 мың теңгенің үстіне шығыпты. Өндіріс көлемі 1,5 млрд теңгеге жуықтаған. Тауар айналымы 31 пайызға артты. Құрылыс қарқыны өскен. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да аудан басшысының жіті бақылауында. Туу көрсеткіші артып, ана өлімі тіркелмеген. Жыл басынан еңбекке жарамды 1700 жұмыссыз екі қолға бір күрек тауыпты. Жеткіншектердің 90,5 пайызы балабақшамен қамтылған. Ауқымды баяндамада жыл бойы тындырылған осы тектес игі істер тізілген. Алайда қордаланып қалған мәселелер де жоқ емес. Биыл күре жолдарды жөндеуге 464 млн теңге бөлінсе де көлік қатынау жағы әлсіреп тұр. Журналистер бұл олқылықты да назарсыз қалдырмады. Елді мекендерде таза ауыз су мәселесі де өзекті болып тұр. 26 мың есілдік 58 ауылы бар 16 селолық округке шоғырланған. Олардың тек жартысының ғана орталықтандырылған тіршілік көзіне қолы жетіпті. Бұл жөнінде толығырақ ертеңгі жаңалықтар топтамасынан көре аласыздар.
Жеңіс Ермұқанов