Қоғам

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі

Таң атысымен екі қолға бір күрек іздегендер бос орындар жәрмеңкесіне қарай ағылды. Себебі осымен 10-шы рет өткізіліп жатқан шараға шағын бизнес өкілдері көптеп тартылыпты. Есесіне халыққа ұсынылған жұмыстар саны да арта түскен. Өңір кәсіпорындарында инженер-техник, құрылысшы мамандары тапшы.

Ғалия Сәбитова, Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:
-Бізге 35 кәсіпорын келді. Олар халыққа 712 бос орын ұсынып отыр. Бүгінгі таңда юрист, экономист, бухгалтер мамандары тым көп болғандықтан, олар өкінішке қарай сұранысқа ие болмай жүр.

5 жыл көлемінде облыста  құрылыен айналысып жүрген «ЛАТЭМ-СЕВЕР» ЖШС жақында Жамбыл көшесінің бойында 9 қабатты үйдің құрылысын бастапты. Ал оны тезірек салып бітіру үшін білікті құрылыс бригадалары жетіспейтін көрінеді.

Дүйсенбай Хамзин, «ЛАТЭМ-СЕВЕР» ЖШС прорабы:
-Кірпіш қалаушылар керек. 6-7 адамдай. Үйді сылайтындар қажет. 4-5 адам. Бетон құятын керек. Біз ай сайын осында келіп тұрамыз. Қаламызда құрылыс көп. 3-4 бригада керек.

Жұмыс іздеп келгендер арасында өз мамандығы бойынша қызмет таба алмағандар жиі ұшырасты. Дегенмен, олар шамасы жететін басқа кәсіптерді де қарастырып, жұмысқа тұрып қалу мүмкіндіктерін жіберіп алмауға тырысты.

-Мен жасыма, жағдайыма сәйкес келетін жұмыс іздеп жүрмін. Егер менің қолымнан келетін мамандық болса, мүмкіндігімді сынап көремін.
-Мен бос орындар тізімін қарап жүрмін. Өзіме сәйкесін қарастырудамын.
-Мамандығым эколог. Бір-екі бос орын бар сияқты. Қазір кеңесіп көремін.

 

Жәрмеңке қорытындысы бойынша ұсынылған бос орындарға 57 адам сәйкес деп табылып, олар кеңесуге шақырту алды.

Гүлден Төлеген