Балаларға арналған “Агуша” шырынының 23 данасының арнайы сертификаты болмай шықты. “Озорной ежик” деп аталатын кәмпиттердің мемлекеттік тілдегі маркировкасы табылмаған. Бұдан өзге кей сауда орталықтарындағы сүт, шұжық, кондитер өнімдерінің жарамдылық мерзімдері өтіп кеткен. Жалпы прокурорлар мен эпидемиолог мамандар жүргізген тексеріс барысында 5 сауда орталығынан 176 кг және 12 литр көлеміндегі өнімдер сатылымнан алынып тасталған.
Бексұлтан Жүнісов, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:
– Бір сауда орталығында «Солнечный» май зауыты ЖШС өндіретін «Крестьянское» шаруа майының сақтау мерзімі өтіп кеткен.Тексеріс уақытында 6 қорап майдың жарамдылық уақытының өтіп кеткеніне 118 тәулік болғаны анықталды.
Заң бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Олар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлемек. Бұнымен қоса прокуратура қызметкерлері базарлардағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына қатысты тексеріс жұмыстарын жүргізген. Нәтиже көңіл көншітпейді. Көптеген сауда ошақтарының дәліздері өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейді, тым тар, оның үстіне өрт жайлы хабарлайтын арнайы дабылқаққыштармен жарақтандырылмаған.
Бексұлтан Жүнісов, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:
– Бір базардың өзінде 15-20 заңбұзушылық анықталды. Қазір оларға прокурордың араласуымен акт шығарылып, айыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қала прокурорларының ұйымдастыруымен бүгін облыс орталығында «Қылмысты жасырма» акциясы бастау алды. Ол бармақ бастылық пен көз қыстылыққа жол бермеу мақсатында қолға алынған. Жыл басынан Петропавлда 13 қылмысты жасыру фактісі тіркелген.
Қонысбек Ибраев,Петропавл қаласының прокуроры:
– Қаламыздың бір көңіл көтеру орталығында ер адам екі әйел азаматты ұрып-соққан. Сол іс 2 ай бойы қаралмай жатқан. Тек құзырлы органдардың араласуымен қазір кінәлі адам жауапкершілікке тартылып отыр.
Аталмыш акция қарашаның соңына дейін жалғаспақ.
Мағжан Ахмадина