Дүниежүзілік стандарттар күні 1970 жылдан бері үзілмей аталып келеді. Жылда белгілікті бір тақырыпты қамтиды. Биыл дәстүрлі шара “Халықаралық стандарттар оң өзгерістерге ықпал етеді” деген ұранмен өтуде.
Әлемдік сауда ұйымы қатарына енуге аяқ басқан еліміз үшін халықаралық стандарттарды ендіру аса маңызды. Талаптарды күшейтіп, жетілдіру біріншіден өнімді сапаландыра түсудің қамы. Бүгінде бірыңғай мемлекеттік техникалық қорда 66850 нормативтік құжат бар. Оның 5 мыңға жуығы ұлттық стандарт болса, 72,2 пайызы халықаралық сұраныспен үндестірілген. Бұны реттейтін 31 техникалық комитет құрылған. Оның екеуі биыл іске қосыды. Бұл орайда бірыңғай экономикалық кеңістіктегі кедендік одақ елдеріне қатысты жаңа заң жобалары қарастырылып қойылыпты.
-Кедендік одақ елдеріне ортақ 47 техникалық регламент құрылуы тиіс. Бүгінде 32-сі қабылданды. Ондағы 8 стандарттың жобасы қазақстанықтармен жасалды. Әзірге 21 техникалық талап заңды күшіне енді. Өзгелері жуық арада қабылданатын болады.
Бүгінде облысымызда қолға алынған заманауи стандарттардың шарапатын көріп жүрген өндіріс ошақтары өсіп келеді. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың бірі Орталық Азиядағы баламасы жоқ бірегей “Молпродукт” сүт зауыты. Жылдық қуаты 85 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Автоматтандырылған жүйе сағатына 9,5 мың дана қаптама орайды Тетрапак әдісімен қапталған өнімнің 40-қа тарта түрі өндіріледі.
– Біз тәулігіне ғана 500 тоннаға дейін сүт өңдей аламыз. Өнімдеріміз 40 сөткеден 9 айға дейін сақталады. Бүгінде ИСО сапа менеджментімен жұмыс жасап жатырмыз. Жақын арада ХАС стандартын ендірмекшіміз. Бұл болашақта кедендік одақ елдері мен жақын шетелге шығуымызға мүмкіндік береді. Сапа менеджменті біздің бәсекеге қабілеттілігіміздің айғағы.
Жаңашылдықты ендірудің арқасында тауар айналымы шынымен біршама артқан. Сауда-саттықпен қатар инновациялық дамудың даңғыл жолына түсті бірқатар жергілікті озық кәсіпорын. Энергетикалық тиімділік артып, тоқ көзінің баламалы түрлері шығарылуда.
Жеңіс Ермұқанов