Құқық қорғау органдары

Жас полицейлер ант қабылдады

 

Облыстық мамандандырылған күзет қызметіне жаңадан қосылған мамандардың ант беру рәсімі.   Қазақстан полициясының 20 жылдығын тойлау мерекесімен тұспа-тұс келді. Атаулы күнмен жиылған қауымды облыстық ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов құттықтады.

Мұрат Ұрұмханов, СҚО ІІД бастығы:
Бүгін сіздер ішкі істер органдарының қатарына қосылып отырсыздар. Қызметтеріңізді абыроймен атқарып, өзгелерге үлгі болуларыңызға тілектеспін. Азаматтардың құқығын қорғауға бар күштеріңізді салыңыздар.  

Биыл облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ұжымы 18 адамға толығып отыр. Енді оларға «стратегиялық аса маңызды мемлекеттік нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарының қауіпсіздігін сақтау» міндеті де жүктелмек. Мұндай жұмысты таңдағандардың ішінде нәзік жандар да болды

Махаббат Сейітова, СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері:
– Мен мектеп кезінен полиция қызметкері болғым келді. Полиция қызметкері болғаныма қуаныштымын. Бүгін ант қабылдадым. Отаным алдындағы борышты
өтеймін деп ойлаймын.  

Сондай-ақ бұл күні өз міндетін абыроймен орындап ерекше көзге түскен 15 қызметкер мен бұрын осы салада істеп, зейнетке шыққан азаматтар марапатқа ие болды. Оның бесеуіне «Қазақстан полициясына -20 жыл» төс белгісі, бес қызметкерге құрмет грамотасы, ал қалғандарына алғыс хат тапсырылды. Құрмет демалысына шыққан Нұрғали Оразалинов  бұл қызметте 37 жылдан астам істепті

 Нұрғали Оразалинов, полиция ардагері:
-Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы – үздік бөлімшелердің бірі. Қызметкерлер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап келеді. Ерен еңбек еткен азаматтарды елеусіз қалдырмайтыны қуантады.

Кейін мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейлері саппен жүру шеберліктерін көрсетті

Айдана Демесінова