ҰБТ-дің алғашқы легінде сынақтан өтуге 488 солтүстікқазақстандық өтініш білдірген. Бірақ түрлі себептерге байланысты емтиханды 473-і тапсырды. Ең жоғарғы 125 ұпайдың 122-сін Қызылжар ауданының Шаховкое орта мектебінің түлегі Әсел Сұртаева жинады. Екінші орында 116 ұпаймен “Парасат” мектеп- лицейінің талапкері Бекболат Серәлиев тұр. Ал, 115 ұпайды Мұрат Айтхожин атындағы № 1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектептің түлегі Нұргүл Көктаева жинаған. “Алтын белгіге” үміткер 13 оқушының тек 4-еуі ғана осы атқа лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. 76 түлек қажетті ұпайды жинай алмады. Сөйтіп ҰБТ алғашқы легінде тапсырған түлектердің орташа ұпайы 79,52-іні құрады. Сынақ тапсырған түлектердің арасында апелляциялық комиссияға арызданғандары да баршылық. Бірақ былтырғыға қарағанда аз.
Жангелді Сейітзадин, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының хатшысы:
– Апеллецияға берілген өтініштер бүгін қабылданды. Сағат 9-дан бастап 14-00 дейін. 26-сы мазмұны бойынша, 5-еуі техникалық себептерге байланысты.
Негізінде ҰБТ тапсыру үшін өңір мектептерінің түлектері үш топқа бөлінген болатын.
Бану Ахметова, тілші:
-Ертең, яғни 5 маусым күні екінші топ 11 жылда алған білімдерін ҰБТ сарапқа салмақ. Сынақты тапсыруға қала мен облыс мектептерінің 596 түлегі ниет білдіріп отыр.
Бану Ахметова