Көктемнің жайма-шуақ таңында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қабырғасының алдында қарақұрым халық. Бұл – бейбіт өмірдің ұрпағы. Лайым, солай бола бергей. Кезінде бұл жерде НКВД-ның ғимараты тұрған деседі. Талай абзал азаматтың тағдыры сол тар қапаста шешілді. Тергеу үйі 2000 жылы бұзылып, 6 жыл өткен соң Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш салынды. Ал Еске алу тақтасы өткен жылы ғана құрылды.
Мемориалдық кешенге бірінші болып облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан гүл толы себет қойылды. Жиналған қауым саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін гүл қою рәсімін ел ағалары, қоғам өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер мен жастар жалғастырды.
Күлке Әубәкірованың да әкесінің есімі осы тақтада жазулы. 3 жасында жетім қалған Күлке әже 80-ге таяса да, әкесін көз жасымен еске алады. Солақай саясат салған жара әлі жазылмаған сияқты.
Күлке Әубәкірова, саяси қуғын сүргін құрбаны Қ.Башшығұловтың қызы:
-Әкем Булаев ауданында болыс болып еңбек еткен екен. Жұмыс бабымен Булаевқа бара жатқанда оны жол үстінде ұстапты. Үйге келген жоқ. Әкемізді әкеткеннен кейін бізге тиыштық бермеді. Малымызды совхозға алып, үйімізді мектеп, кеңсе қылған. Ар жағында Орновка деген орыстың қаласы болған. Сол қалада тығылып жатыпты шешем.
Айта кету керек, биылғы мамырдың 31-ші жұлдызы қасиетті жұмамен тұспа-тұс келді. Ел ағалары жиылып марқұмдардың рухына дұға арнады. Бүгін Әбиевтер әулеті де осында. Кішкентай Дәулет пен Елнұр саяси қуғын-сүргін құрбаны Әби Есекиннің неменелері. Немерелерін ертіп әкелген Екпін Әбиев жазықсыз атылған атасы жайлы әңгімелеп берді.
Екпін Әбиев, Саяси қуғын-сүргін құрбаны Ә.Есекиннің немересі:
-Білімді азамат болған кезінде. Соғыстың бронымен бала оқыту үшін ауылда қалған. Бірақ, құжаттарда білімі жоқ, колхозшы деп жазылған. Сосын ауылда көре алмаушылық болды да жазып жіберді, 41-ші жылы алып кетті. Атама ең алдымен 8 жыл берген, келесі күні 2 жылға қысқартыпты. Бірақ, 6 жылын отырып шықты ма, әлде атылып қалды ма оны біз білмейміз. Оны бізге архив айта алмады.
Бұл тақтада қазір 6 800 адамның есімі жазылған. Алдағы уақытта қабырға тағы да толықтырылмақ.
Данаш Хамзина, тілші:
– Саяси қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді, еңкейген қарт пен әйел адамды да аяған жоқ. Тоталитарлық режим біреуді әкесінен, баласынан, інісінен, енді біреуді жан жарынан айырды. Ұрпақтың ата-баба алдындағы ендігі парызы – сол қанқұйлы жылдардың оқиғасы мен кінәсіз құрбан болған азаматтардың есімдерін ұмытпай, мәңгілік жүректе сақтау.
Данаш Хамзина