Билік

“Нұр Отандағы” қабылдау

 

 

 

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына бірінші болып “Сапалы Аманат” кооперативінің мүшелері кірді. 270 адамнан тұратын топты 2 жыл бұрын Сергей Царев есімді жеке кәсіпкер құрыпты. Ол баспанаға зәру жандарға шаршы метрі 300 АҚШ долары болатын үй тұрғызып беремін деп сендіріпті. Ол үшін әр отбасынан бастапқы 200 мың теңге қаражат жинап алған. Қалған соманы 4 жылдың ішінде өтеулері керек болды. Келісім бойынша биыл қоныс тойларын атап өтулері керек. Алайда алғашқы үлгіде тұрғызылған екі үйден кейін іс жалғасын таппаған.

Әсемгүл Қаменова:

Мердігер Сергей Царев бар гәп коммуналдық желілерді өткізуіне үкімет рұқсат бермей отырғанында деді. Біз ай сайын 50 мың теңгеден әлі төлеп келеміз. Аңсаған баспанаға қолымыз жетер емес. 127 отбасы әлі пәтер жалдап келеді. Бар құжаттарды көрсетіп ,үйдің бағасы арзан болғасын келісе кеттік. Енді міне үнемдейміз деп алданып үй күйсіз отырмыз.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Сметалық жобасы жоқ, Салған үйлері сараптамадан өтпеген. 1 емес, үш мәрте барған комиссия мүшелері бұл жер үйлерде тұрмыс құру мүмкіндігі мүлдем жоқ деген шешім шығарды. Сондықтан біз Сергей Царевтың бұндай құрылыс жүргізуіне тыйым салдық. Бұл талаптар орындалмай, ол бұл ісін әлі жалғастырып келеді. Уәдесін орындамаса, жауапқа тартылуы керек.

Өңір жетекшісі Серік Біләлов қала әкімі Нұржан Әшімбетовке сандарын соғып қалған бұл жандардың мәселесін шешуде нақты ұсыныстар жасауын тапсырды. Бұл ретте қалалық әкімдікте жоспарланбаған құрылыстың барлық  қатысушыларын жиып, келеңсіздіктің мән-жайын анықтайтын арнайы отырыс ұйымдастырылатын болады. Қоғамдық қабылдауға әуесқой спортшылар да үміт артып келді. Салауатты өмір салтын ұстанушылар аймақ басшысынан тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай қыс мезгілінде өтетін Петропавл-Астана аралығындағы жүгіру марафонына техникалық қолдау көрсетуін сұрады.

Алик Азмұхамедов, “Надежда” әуесқой жүгірушілер клубының төрағасы:
Біз маршрутты, түнейтін жерлерді белгілеп қойдық. Жоспар бойынша 10 желаяқ бұл аралықты 4 күнде жүгіріп өтеді. Бізге жолда дем алып, ауқаттанатын бір автобыс бөлінсе жақсы көмек болар еді.  

Серік  Біләлов, СҚО әкімі:

– Біз бұл тың іс үшін бар жағдайларды жасаймыз. Автобус және шағын автобус береміз. Қыс мезгілі, сондықтан бар қажеттіліктерді тыңғылықты шешіп алып, іске кірісу керек.

Аққайың аудандық орталық ауруханасының дәрігері Ринат Жүсіпов екі қызының жоғары білім алып, мүгедек баласының еміне жету үшін жалақысын көтеруді сұрады. Серік Біләлов бұл мәселе жөнінде үсыныс жасайтынын жеткізді. Марина Пальянованың қызы ауыр онкологиялық ауруға шалдығыпты. Оны емдеу үшін шетелдік мамандардың отасы қажет екен. Кішкентайының денсаулығына алаңдаған ана облыс әкімінен көмек сұрауға келіпті.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Анатолий Ко бұл мәселені өз қолына алсын. Дүйсенбіге дейін өз ұсыныстарын берсін. 5 қазанда Израильдің дәрігерлері келеді. Олармен тілдесіп көреміз.

Бұл жолы қоғамдық қабылдауға 7 азамат келді. Басым бөлігі екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер мен отбасылық мәселелерді шеше алмағандар. Облыс әкімі Серік Біләлов бүгін көтерілген мәселелерді өз бақылауына алатынын жеткізді.

Жеңіс Ермұқанов