Қоғам

Балалар алаңының орнына автотұрақ салынбақшы

 

Гүлбану Ахметова, тілші:

-“Бір тал кессең, он тал ек” деген дана халқымыз. Бірақ, мына саябақтағы жарты ғасырдан бері жайқалып өсіп тұрған ағаштардың бір емес, ондағанын түп-тамырымен қоса бәз біреулер жойып жатыр. Бүгінге дейін мына ауладағы үйдің балалары мұнда ойнап, серуендейтін. Егер де жергілікті тұрғындардың мұнда автотұрақ салынады деп естіген қауесеті расталса, бүлдіршіндер бұл саябақта ойнау түгіл, темір тұлпардан шыққан көк түтінмен демалуға мәжбүр болады.

 

Бұл – Қазақстан Конституциясы көшесі,16 мекен жайындағы көпқабатты үй тұрғындарының жан айқайы. Автотұрақ салынса, берекеміз қашып, көк түтіннен ауру боламыз дейді олар. Азаматтардың айтуынша, осы маңдағы ағаштарды кесуге олардан ешкім келіп келісім сұрамаған. Жасыл желекті шабу мамырдың 13-і басталған екен.

 

Наталья Семенова, үй тұрғыны:

-Біз қарама-қарсыдағы көпқабатты үйде 33 жыл тұрып келеміз. Біз үшін мына саябақ күнделікті демалатын орнымыз еді. Балалар осы жерде күнде ойнайтын. Енді, қай жерде отырып саялаймыз.

 

Елена Грязнованың жасы 86-да. Әжей баспана қолданысқа тапсырылғалы бері осында тұрып келеді екен. Ауладағы саябаққа өз қолыммен алма көшетін отырғызып едім-дейді қария.

 

Елена Грязнова, үй тұрғыны:

– Жүрегім қан жылауда. Өйткені, біздің еңбегімізді ешкім ескерген жоқ. Әкімдікке де шағымдандық. Өкінішке қарай, пайдасы болмады.

 

Құжат бойынша үй аумағына тиісті болып саналатын жерді кезінде тұрғындар  жекешелендіріп алмағандықтан 2008 жылы басқа бір кәсіпкерге сатылған. Енді, қазір біреудің жеке меншігінде. Бұл былыққа араша түсу үшін жергілікті тұрғындар депутаттардан көмек сұрапты.

 

Павел Афанасьев, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Қазір бұл жердің иесі Руцкий Владимир Геннадьевич деген азамат. Ол учаскені 2011 жылы мамырдың 12-сі сатып алған. Бірақ, бір жағдай күмән тудырады. 2011 жылы қарашаның 10-нда соттың бірінші сатысын жер инспекциясы жеңгенде, сол кездің өзінде Руцкий мырза жарты жыл бойы учаскенің қожайыны болып келген. Неге екені белгісіз? Сот шешімімен бұл сатып алу-сатудың күші жойылған жоқ. Жуырда аталған іс бойынша өткен ҚР Жоғарғы сотында жер инспекциясы ұтылып қалды.

 

Ал, қалалық әкімдіктегілер бұл жұмыстың заңды түрде жүргізіліп жатқанын алға тартуда.

 

Динара Сағынова, қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары:

– Казахстанская правда, 92 а мекен жайындағы жер жеке меншікте. Мұнда мақсатты түрде автотұрақ салынады. Бұл жоспар бойынша жобаға сәйкес. Аталған учаскенің қожайыны барлық жұмыстар аяқталған соң аумақты абаттандыруы тиіс. Маңайға балалар алаңқайы салынады.

 

Тек балалар алаңқайының қайда сыятыны белгісіз. Енді, тұрғындарға бас прокуратураға жүгінуге тура келеді.

 

Гүлбану Ахметова