Спорт

Боксшылар жеңісі

 

ҚР бірінші сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің сыйлығына ұйымдастырылған республикалық додада өңір намысын 7 спортшы қорғаған. Шығыс Қазақстанның Аягөз қаласында жерлесіміз Еламан Балахметов 3-ші орынды иеленді. Ал Азат Илюбаев 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бас жүлдені қанжығасына байлаған. Жерлесіміз шаршы алаңда 4 рет қолғап түйістіріп, барлығында да жеңіске жетіпті. Бұл Азаттың қоржынына түскен 12-ші медаль.

Азат Илюбаев, Республикалық турнирдің жүлдегері:
– Алдымен ШҚО спортшысымен кездестім. Екінші қарсыласым да жергілікті былғары қолғап шебері болды. Оның да жамбасын жерге тигіздім. Кейін Өзбекстан елінің чемпионымен қолғап түйістіріп, 3 раундта жеңдім. Соңғысы ҚР чемпионы болды. Оған да осал емес екенімді танытып, бірінші орынға ие болдым.  

Тартысты дода 1997-98 жылғы жасөспірмдер арасында өткен. Оған Қазақстанның 150-ге тарта боксшылары мен тағы 5 мемлекеттің былғары қолғап шеберлері жиналды.

 Антон Лопатин, бокстан жаттықтырушы:
– Біз тартысты додаға аттанғанда алтын алқаға ие боламыз деп ойлаған жоқпыз. Екінші орынды да қанағат санадық. 7 былғары қолғап шеберінің екеуі жеңіске жетті. Бірі алтын, екіншісі қола медальға ие болды.  

Жерлестеріміздің алдағы жоспарлары да ауқымды. Олар әзірге қазан айының соңында өтетін тартысты додаға дайындық үстінде.

Гүлбану Ахметова