Құқық қорғау органдары

Адвокат парамен ұсталды

Қарға қарғаның көзін шұқымайды деген мақал бар. Бірақ бұл жерде алаяқ-алаяқты тақырға отырғызбақ болыпты. Адвокат Асқар Жанабаев алаяқтық жасап, басына іс түскен азаматты қылмыстық қудалаудан құтқарамын деп уәде еткен. Ол үшін 25 мың АҚШ долларын алыпты. Бірақ әлгі азамат қомақты қаражатты қорғаушысына ұстатып жіберіп, қарап отыра алмаған. Алданып қалдым деп, қаржы полициясына арызданыпты. Жалпы Жанабаев облыстық адвокаттар алқасында 10 жылдан аса қызмет еткен.

Нұрлан Жахин, СҚО экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:
– Бұл факті бойынша ҚР ҚК 177-бабы яғни, алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 8 наурыз күні ол соттың рұқсатымен қамауға алынды.

Дәл осындай алаяқтық фактісі осыдан 2 жыл бұрын тіркелген болатын. Онда адвокатқа сот рақымшылық жасаған екен. Ал Асқар Жанабаев уақытша қамауға алынды. Егер алаяқтыққа барғаны дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін темір торға жабылуы мүмкін.

Гүлбану Ахметова