Білім

“Елін сүйген, елі сүйген Елбасы”


 

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына сіңірген өлшеусіз еңбегі, қазақ елін әлемге танытудағы талпынысы – ұрпақққа мәңгілік үлгі. “Әл-Фараби” лицейі қала мектептерінің арасында алғашқылардың бірі болып Елбасыны ұлықтап жатыр. Аталған білім ұясының директоры Күлімкөз Смайылова Тұңғыш Президент мейрамының ерекше маңызына тоқталды.

Күлімкөз Смайылова, “Әл-Фараби” мектеп-лицейінің директоры:
– Өйткені, ол әрбір қазақстандықтың намысын, ұлтжандылығын оятады, ел болашағына мүдделі екенін түсінеді. Бір ғана тұлға қаншалықты игі істер атқарып, елін басқарып, тәуелсіздігінің туын биік көтеруде қаншалықты рөл атқарғанын әрбір қазақстандық түсінеді деп ойлаймын.

Жиында Елбасының сарабдал саясаткер, көреген көсем, халқының жанашыры болып қана қоймай, спортты сүюі, үнемі ізденісте болуы және шығармашылық қабілеттері туралы да көп әңгіме айтылды. Осы жерде оқушылар Н.Назарбаевтың өзі шығарған “Елім менің”, “Үш қоңырым” әндерін орындады. 50 жыл бойы ұстаздық еткен Жұмағұл ата да осы мерекелік жиында отыр. Ол Тұңғыш Президент мерекесі Елбасы еңбегіне берілген жоғары бағаның белгісі дейді.

Жұмағұл Бейсенбаев, ардагер ұстаз:
– Ел алдында беделі мықты. Қазір біз төрде отырмыз. Бүкіл жер жүзі біледі. Н.Назарбаев басқарған ел – бақытты ел деп айтқан бір король сөзін естіп едім. Бақытымыз жылдан жылға өсе берсін.

Әйгерім Жазитова – Елбасы бастамасымен құрылған   “Жас Ұлан” ұйымының мүшесі. Ол білімді әрі патриот жасұландықтың атына үнемі лайықты болуға тырысып жүр.

  Әйгерім Жазитова, мектеп оқушысы, “Жас Ұлан” ұйымының мүшесі:
– “Жас Ұланның” мүшесі патриот, өзінің елін сүйетін, тілін жетік білетін және басқа да тілдерді білуге тырысатын оқушы болу керек. Мен соған саймын деп ойлаймын. Мен өзіме күн сайын мақсат қойып отырамын.

Ағылшын пәнінің мұғалімі Толқын Рахимова қазақ елі Президентінің беделі әлемде де биік тұр дейді. Оған өзге мемлекеттер аса үлкен құрметпен қарайды.

Толқын Рахимова, мектеп мұғалімі:
– Мен Ереван қаласында өткен ТМД елдері мұғалімдерінің 2-ші съезінде болып келдім. Қазақстан өкілдері деп айтқанда жан-жақтан Нұрсұлтан Назарбаев, Нұрсұлтан  Әбішұлы деген сөздерді естідім. Осы кезде біздің Президентіміздің беделінің жоғары екеніне көзім жетті.

Семинар соңында ардагер ұстаздар әрбір сыныпқа кіріп, балаларға аталық ақылдарын айтты.

Данаш Хамзина