ТЖ

Су құрбандары көбейіп келеді

 

 

Есіл өзенінің Заречный- 2 кентіндегі жағалауында 4 құтқарушы-сүңгуір 35 жасар қала тұрғынының денесін іздестіруде. Бұл әйел шілденің 8-де мас күйінде суға түсуге кеткен. Содан үйіне оралмапты. Бір өкініштісі, туған-туыстары іздестіру жұмысына, тек, екі күн өткесін ғана кірісіп, сүңгуіршілердің көмегіне жүгінген.

 Жанат Мұханбетов,  СҚО ТЖД құтқарушы-сүңгуірі:

– Ол түнгі сағат 12, 1-лер шамасында суға түсуге кетіп, қайтып келмеген. Мына қамыстың ортасында суға түсуге де болмайды. Қазіргі таңда құтқарушы-сүңгуірлер іздестіру шараларын жүргізуде.

Кешкі сағат 4  шамасында СҚО ТЖД суда құтқару станциясының қызметкерлері 35 жасар қала тұрғынының мүрдесін   су қоймасынан алып шықты. Қайтыс болған азаматшаның артында 2 баласы қалды. Бір айта кетерлігі, шілденің 8-і суда қауіпсіздік шараларын сақтамаған тағы екі ер адам көз жұмған. Олардың денесі көпір маңынан табылған. Шомылу маусымы басталғаннан бері облысымызда 23 адам су құрбаны болған.

 Сергей Черкасов, СҚО ТЖД суда құтқару станциясының бастығы:  

-Негізінен мас күйде суға түсіп, шамасына қарамай терең жүзетіндер және үлкендердің қарауынсыз қалған балалар суға кетеді. Тек арнайы белгіленген жағажайларда түскен абзал екенін тағы бір ескертеміз. Онда демалушылардың қауіпсіздігін құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері қадағалайды.

Ал қалалық жағажайда оқу-жаттығу жұмыстары жүргізлуде. Ережеге сәйкес демалушылардың су бетінде көрсетілген белгіден одан әрі асып, жүзуіне тыйым салынған. Дегенмен, өз өмірлерімен ойнаушылар да бар. Ең бастысы, суға кеткен адамға шұғыл әрі дұрыс көмек көрсетілуі тиіс. Ол үшін жағаға алып шыққаннан кейін дереу тірілту шараларын қолданып, ішіне кеткен суды шығару керек.

Әсел Күшенғалиева